Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Уәдесін ұмытқан Сапарбаев Назарбаевтың тапсырмасына 301,3 млн теңге жұмсаған (ВИДЕО)

Желтоқсанның басында ол ОКҚ алаңында Алаш мұражайы жөнінде ешкімге уәде бермегенін, берсе орындайтынын айтып, "айды аспанға бір-ақ шығарды".

Уәдесін ұмытқан Сапарбаев Назарбаевтың тапсырмасына 301,3 млн теңге жұмсаған (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Таразда Алаш мұражайы мен екі жылдық жырға айналған Хан Кененің ескерткіші жобасы іске асырылмай, "Қазақ халқына мың алғыс" монументіне миллиондаған теңге қаржы жұмсалды, деп хабарлады paryz.kz, qazaqtimes.com-ға сілтеме жасап.

Тараз қаласындағы Төле би даңғылында орналасқан нысанның биіктігі – 30 метр. Монумент құрылысына 35 жұмысшы, 10 шақты арнайы техника жұмылдырылған. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 83,9 млн, қосымша демеушілерден 9 млн теңге бөлінген. Жиыны 92,9 млн теңге жұмсалған.

Дегенмен мемлекеттік ақпарат құралдарындағы мәліметтер бойынша, "Арбат-1" жаяу жүргіншілер аллеясында ашылған жаңа монументтің құрылысына 158 млн теңге кеткен. Құрылысты "Темір-Байлық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, монумент Қазақстан Ассамблеясының 25 жылдығына арнап салынған.

Одан басқа, маусым мен шілде айларында ковидтен жүздеген тұрғын қайтыс болған Таразда Тұңғыш Президент күні қарсаңында коронавируспен күрескен мамандар мен еріктілерге арнап «Біз біргеміз» монументі салынды. 14 шағын ауданынан орын тепкен ескерткіш кешенінің биіктігі шамамен 33 метр. Ал монументке 5-9 метр аралығында ірілі-ұсақты колонналар орнатылған. Оған жұмсалған ақша – 209 млн теңге.

Сонда әкімдік екі бірдей ескерткішке 301,3 млн теңге қаражат жұмсап отыр. "Еститін мемлекет" құруды көздейтін президент пен Үкімет барлық атқамінерлерді қазіргі қысылтаяң шақта қаржыны үнемдеуге үндеп келеді. Дегенмен, жергілікті атқарушы билік жүздеген адамды баспанамен қамтуға болатын қаражатты тиімсіз нәрсеге жұмсай салды.

Еске сала кетсек, биыл 19 ақпанда Бердібек Сапарбаев халыққа есеп берген алғашқы кездесуінде Қазақ хандығы ескерткішінің аумағына мұражай мен Алаштану орталығының салынатынын уәде еткен-ді. Алайда, желтоқсанның басында ОКҚ алаңында Алаш мұражайы жөнінде ешкімге уәде бермегенін, берсе орындайтынын айтып, "айды аспанға бір-ақ шығарды". Енді оны қалай түсінуге болады?..