Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

"Қазақстанға жерді Ресей сыйлаған": Дума депутатының бұл сөзіне СІМ үн қатпады (ВИДЕО)

"Үндемей-ақ қоюға болар еді, бір мұжықтың мас болып айтқан далбаса сөзі ғой деп. Бірақ айтқан адам шешім қабылдай алатын үлкен лауазым иесі - Думадағы Білім және ғылым комитетінің төрағасы, яғни министр лауазымына тең тұлға. Біздің СІМ өкілінің мұндай сөзге мән бермеу керек деген жауабын оқыдым..." - деп ашынды сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

"Қазақстанға жерді Ресей сыйлаған": Дума депутатының бұл сөзіне СІМ үн қатпады (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

РФ Мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов телеарнаның тікелей эфирінде Ресейдің Қазақстанға жер сыйлағанын мәлімдеді, деп жазды paryz.kz.

"Қазақстан бұрын болған жоқ. Солтүстік Қазақстанға, тіпті, ешкім қоныстанбаған еді. Қазақтар болды, бірақ, оңтүстік жаққа қарай. Негізі Қазақстан аумағының Ресей мен Кеңес одағы тарапынан жасалған үлкен сыйлық екені анық. Ортаазиялық елдерде де күрмеуі күрделі тұстар жетерлік", – деп салды депутат.

Жалпы, көрші ел саясаткерлерінің Қазақстан аумағының тұтастығына байланысты тосын мәлімдемелер жасауды әдетке айналдыруы бірінші рет емес. Оған еліміздің Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің еті үйреніп кеткендей. Осы жолы да отандық дипломаттар мекемесі ресейлік депутаттың ойланбай айтқан оғаш пікіріне еш елең етпейтіндерін жеткізді. Сыртқы мәселелер ведомствосы спикердің білімі мен тәрбиесі төмен деңгейде деп есептейді. 

Тек сенатор Мұрат Бақтиярұлы ғана Facebook-тегі парақшасында осы жағдайға байланысты өз пікірін жариялады. 

"Ресейдің Бірінші телканалынан Ресей мемлекеттік Думасының депутаты В. Никонов Қазақстанның солтүстік өңірі ықылым заманнан бері Ресейдің жері, ол жерлер Қазақстанға сыйға берілген деген сандырақ әңгіме айтты. Үндемей-ақ қоюға болар еді, бір мұжықтың мас болып айтқан далбаса сөзі ғой деп. Бірақ айтқан адам шешім қабылдай алатын үлкен лауазым иесі - Думадағы Білім және ғылым комитетінің төрағасы, яғни министр лауазымына тең тұлға. Біздің СІМ өкілінің мұндай сөзге мән бермеу керек деген жауабын оқыдым. Сонда Ресейдің ірі лауазымды тұлғасы тәуелсіз мемлекеттің жерін біздің жеріміз еді деп миллиондаған көрермені бар телеарна арқылы жар салып тұрады, оған біз қалай мән бермеуіміз керек? Егер біздің ірі лауазым иесі Орынбор, Астрахань, Омбы қазақтың жері еді деп айтатын болса, Ресей қалай қарар еді? Сондықтан да мұндай арандатушылық пікірлер екі елдің достығына сызат түсіретінін Ресей елшісінің құлағына біздің СІМ салып қоюы керек. Қақтығыстардың барлығы жер мәселесінен басталатынын тарих көрсетіп отыр. Саясатшылар аузына, аузынан шығатын сөзіне ие болу керек" деп ашынды Мұрат Бақтиярұлы.