Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Енді Қазақстан азаматтары саусақ іздерін тапсыруға міндеттелуі мүмкін

"Қазіргі уақытта Заңға жоғарыда аталған түзетулер Парламентте қаралып жатыр”, - деп мәлімдеді министрлік.

Енді Қазақстан азаматтары саусақ іздерін тапсыруға міндеттелуі мүмкін
Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі саусақ іздерін енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы бастама көтерді, деп хабарлады paryz.kz, ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған дейін ел халқының 2021 жылдың қаңтарынан бастап саусақ іздерін тапсыруға міндетті болатыны айтылған.

ІІМ 2016 жылы 30 желтоқсанында "Саусақ іздері және геномдық тіркеу туралы" Заң қабылданғанын атап өтті. Соған орай, жұмыс 2021 жылдың 1 қаңтарында басталуы керек еді.

"Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, саусақ іздерін тіркеу бөлігінде заңдардың кейбір нормаларының күшіне енуін 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Қазіргі уақытта Заңға жоғарыда аталған түзетулер Парламентте қаралып жатыр”, - деп мәлімдеді министрлік.

Сонымен қатар, ІІМ азаматтардың саусақ іздерін 16 жасқа толып, жеке куәлік алғанда және куәлігі жоғалған азаматтар құжатын қайта жаңартқанда тіркейтінін айтты.

"Қазақстан азаматтарының саусақ іздері туралы ақпарат иесіздендіріледі. Яғни мәліметтер базасында саусақ іздерінің сандық моделі мен бірегей идентификатор ғана болады. Онда толық аты-жөні мен ЖСН жеке деректері жоқ”, - деп түсіндірді баспасөз қызметі.