Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Павлодар облысының әкімі тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Асайын Қуандықұлы Байханов Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

Павлодар облысының әкімі тағайындалды
Фото: ашық дереккөз

Асайын Қуандықұлы Байханов 1977 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Павлодар университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2005-2006 жылдары European Bank for Reconstruction and Development (EBRD) және «ProCredit Holding AG» неміс халықаралық банк холдингінің Корпоративтік квалификация арттыру Орталығында білімін жетілдірген. 2017 жылы М.В. Ломоносов ат. Мәскеу мемлекеттік университетінде «Стратегиялық менеджмент және кәсіпкерлік» бойынша МВА дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2000 жылы банк секторында Еуропа қайта құру және даму банкінің (EBRD) офисі Қазақстанда жүзеге асырған Қазақстанның шағын бизнесі бағдарламасы бойынша бастаған. Асайын Байханов Екібастұз қаласындағы кредит сарапшысы ретінді тағылымдамадан бастап, EBRD Бағдарламасының Алматы қаласындағы бас офисінің жаңа банк өнімдерін енгізу бөлімінің басшысына дейін қызмет атқарды. Осы аралықта Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстанда және шетелде ұйымдастырылған түрлі оқыту семинарлары мен көпдеңгейлі білім беру бағдарламаларынан өткен.

2003 жылдан 2007 жылға дейін «ProCredit Holding AG» неміс халықаралық банк холдингінде бірқатар басшылық лауазымдарында қызмет атқарған. Киев қаласындағы «ПроКредит Украина» ЖАО-ның атқарушы директоры болған. 2007 жылы А. Байханов Қазақстанға «Нұрбанк» АҚ Басқарма басшысы орынбасары қызметіне оралып, банктің филиалдық желісін кеңейту, аграрлы сала мен шағын және орта бизнесті несиелеу бағыттары бойынша жұмыс жасады.

2009-2015 жылдар аралығында жеке секторға ауысып, ауылшаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысқан. Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, Алматы және Алматы облысында логистика мен жүк тасымалы бойынша бірқатар нәтижелі бизнес-жобаларды іске асырған.

2015-2020 жылдар «КазАгро» Ұлттық басқарма холдингі» АҚ тобындағы «КазАгроӨнім» АҚ квазимемлекеттік компаниясының Басқарма басшысының орынбасары болды. Бұл аралықта ауылшаруашылығындағы түрлі мемлекеттік бағдарламаларды өзгерту және ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша жұмыс топтарында жұмыс істеп, оларды басқарды.

2020 жылғы наурыздан бастап жаңа тағайындауға дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етті. Ауыл шаруашылығы, ауылдық аймақтарды дамыту, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта мен су ресурстары, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау және спорт мәселелеріне жетекшілік етті.

2021 жылғы 19 шілдеде Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалды.