Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Халықаралық ұйымдардың Нұр-Сұлтанға қысым жасағысы келеді

"Қазақстан билігінің құқық қорғаушылар мен құқық қорғау топтарының жұмысына кедергі келтірмей, керісінше, құрметтеп, көмектесуі өте маңызды".

Халықаралық ұйымдардың Нұр-Сұлтанға қысым жасағысы келеді
фото: tengrinews.kz

Қазақстанда құқық қорғаушылардың қудаланып жатқаны жайлы ақпаратқа алаңдаған халықаралық құқық қорғау ұйымдары Еуроодақ бастаған Қазақстанның халықаралық әріптестерін осыған орай Нұр-Сұлтанға қысым жасауға үндеді, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) ұйымдарының 3 желтоқсанда жариялаған мәлімдемелерінде Қазақстанның салық органдары оннан астам жергілікті үкіметтік емес ұйымға айыппұл салып, қаржы есебінде жіберген "қателіктері" үшін оларды "жабамыз" деп қорқытқаны жазылған. Мәлімдеме авторлары салық органдары қуғындауды тоқтатып, ескерту қағаздарын қайтып алуы тиіс деген.

Осы апта басында Қазақстандағы бірнеше құқық қорғау ұйымы мен топ Парламент сайлауы қарсаңында салық органдары тарабынан қысым үдегенін айтып, шағымданған. Құқық қорғаушылардың сөзіне қарағанда, қазан мен қараша айларында Қазақстан бойынша кемінде 13 ұйым "қаржы есебін дұрыс толтырмағаны" жайлы ескерту қағаз алған. Олар салық органдары "негізсіз ескерту жасап отыр" деп санайды.

Сайлау қарсаңында тексерулер мен ескертулердің жиілеуін алға тартқан халықаралық ұйымдар билік осылайша тәуелсіз ұйымдарды қорқытып, белгілі бір уақыт аралығында әрекетіне шектеу қойғысы келеді деп еріксіз тұжырым жасауға мәжбүрміз дейді.

"Мұндай әрекеттерді азаматтық қоғамға шабуыл деп бағалауға болады. Бұл 2021 жылы 10 қаңтарда өтуі тиіс Парламент сайлауы қарсаңында қоғамдық бақылау күшейеді деген "қауіптен" туындауы мүмкін", - делінген мәлімдемеде.

Осыған дейін бірқатар үкіметтік емес ұйым мен бірлестіктер Парламент сайлауын бақылайтынын хабарлаған.

"Қазақстан билігі азаматтық қоғамнан шыққан тәуелсіз топтарға негізсіз ескерту жасауын дереу тоқтатуы және адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелерін орындауы тиіс", - делінген хабарламада.

Мәлімдеме авторларының жазуынша, Қазақстан әріптестері, оның арасында Еуроодақ та бар, ЕО-ға мүше елдер және өзге мемлекеттер "қазақстандық әріптестерінің құқық қорғау топтарына қысым жасауын доғаруына ықпал етуі" тиіс.

"Қазақстан билігінің құқық қорғаушылар мен құқық қорғау топтарының жұмысына кедергі келтірмей, керісінше, құрметтеп, көмектесуі өте маңызды", - деді International Partnership for Human Rights ұйымының директоры Бриджит Дюфур.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда соңғы бірнеше жылда үкіметтік емес ұйымдардың әрекетін шектеп, мемлекетке қаржылық есеп беруге міндеттейтін түзетулер күшіне енген. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі салық тексерулерін алға тартып, құқық қорғау топтарына қысым жасайды деп мәлімдеген.