Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қарағанды шенеуніктерінің былығы әшкере болды

Белсенділер осыншама ақшаны онлайн іс-шараларға жұмсаймыз дегендері ақылға сыймайды деп отыр.

Қарағанды шенеуніктерінің былығы әшкере болды
фото: ашық дереккөз

Елде жағдай нашарлап тұрғанда Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы 49 миллион теңге тендер ойнатты, деп хабарлады paryz.kz, “Информбюроға” сілтеме жасап.

Аталған миллиондарға форумдар мен корпоративтік жиындар ұйымдастыруға әрекеттенген. Бірақ денсаулық сақтау басқармасы қаржының онлайн семинарлар өткізу үшін қолданылатынын айтыпты. Белсенділер осыншама ақшаны онлайн іс-шараларға жұмсаймыз дегендері ақылға сыймайды деп отыр.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мен тапсырыс беруші маусым айында келісімшартқа қол қойған. Бірақ дәл сол кезде Қазақстанда короновирус өршіп, көптеген адам қайтыс болған еді.

"49 млн теңгеге жаңағы мораториймен шектеу қойылған іс-шаралардың көпшілігі іске асқан. Сол 49 млн теңгені тек төртінші емхана игерген. Одан да басқа 23 млн теңгеге Қарағанды облысының сегіз мекемесі осындай іс-шараны өткізбек болған", - деді белсенді Сара Жүнісова осы іске қатысты.

Денсаулық сақтау басқармасы тендерді №4 қалалық емхана алғанын растады.

"Бізде осындай конкурс жыл сайын өткізіледі. Салауатты өмір сақтау программасы бойынша бюджеттік программамыз бар. Осы жылы осындай конкурс өткіздік. Семинарлардың бәрі қашықтан зум арқылы өтті. Бірақ та біз осы семинардың бәрін ковидке дайындық ретінде арнайы өткіздік", - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибігүл Төлегенова.

Ал белсенді Сара Жүнісованың айтуынша, бұл тендерде короновирусқа қатысты сөз жоқ.

Тапсырысты орындаушы қалалық №4 емхананың басшысы Шайдарова Салтанат Жаманқұлқызы Қарағанды облысы әкімі орынбасарының Шайдаров Серік Жаманқұлұлының әпкесі болып шықты.