Өскеменде клиенттерге интимдік қызмет көрсетумен айналысқан салонның қызметі әшкереленді деп хабарлады paryz.kz ақпарат агенттігі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ШҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Өскемен қаласындағы салондардың бірінде жеңгетайлық фактісін анықтаған. Онда жұмысшылар жалпы массажды желеу етіп, боди-массаж түрінде интимдік қызметтер көрсеткен. Белгілі болғандай, қызмет құны 15-20 мың теңге аралығында болған.
Аталған факті бойынша 39 жастағы мекеме әкімшісінің әрекеті әшкереленді. Ол интернет-сайттардың көмегімен клиенттерді тауып отырған. Оқиға орнынан клиенттің өзіне көрсетілген интимдік қызметі үшін төлеген ақшасы тәркіленген.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 309-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бапқа сәйкес әйелді мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза күтіп тұр. Онымен бірге басқа қаладан жұмыс істеуге келген 18 бен 31 жас аралығындағы салонның 4 қызметкері де ұсталды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды.