Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Тоқаев Путиннің агрессивті көңіл күйін орыс тілімен басты – жазушы (ВИДЕО)

Белгілі жазушы Смағұл Елубай Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

Тоқаев Путиннің агрессивті көңіл күйін орыс тілімен басты – жазушы (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

«Бұл тап-таза дипломатиялық тәсіл болды. Өйткені Ресейдің депутаттары, журналистері ұрынарға қара таппай отырғандай, Қазақстанға тиісуді тоқтатпай қойды. Әлі де жалғасып жатыр. Тіпті жала жауып, «Қазақстанда орыстарға күн көрсетпей жатыр» деді. Сұмдық қой бұл енді!

Осындай жағдайда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баяғы Абылайдың дипломатиялық тәсілін қолданды. Үлкен саясатта шамаңа қарап көсілу керек. Өйтпеген жағдайда ордалы жұртыңның обалына қаласың. Путиннің ішінде қандай ойы бар екенін ешкім де білмейді. Ол өзінің репутациясын құтқару үшін Қазақстанға бас салуы да мүмкін. Өйткені Қазақстанға бас салса, сепаратизм бой көтеретінін ол анық біліп отыр. Халықтың санын біліп отыр.

Осындай жағдайда Қазақстан басшысы не істеу керек? Сөзсіз Путиннің агрессивтік көңіл күйін тоқтататын бір тәсіл ойлап табуыңыз керек болады. Қазақстанды сақтау үшін керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Алматы облысы жұртшылығымен кездесуге барғанда қазақ тілін саяси ойындар үшін қолдануға болмайтынын айтқан болатын. «Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты» деген еді ол. Ал Ресейге сапарында ТМД-да орыс тілін дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынды.

Орыс тілі – ТМД-да онсыз да мемлекетаралық тіл. Одан қашып құтыла алмайсың. Саясаткерлер өзара түсінісіп жататыны белгілі. Тарихи қалыптасқан жағдайды өзгерте алмайсың. Қаласаң да, қаламасаң да солай. Ал қазақ тіліне қауіп-қатер жоқ.

«Туымыз қалай мемлекеттің символы болса, тіліміз де көп ұзамай Қазақстан халқының басын біріктіретін символға айналады. Сол үшін жұмыс істейміз» деді Президент. Мен соған сенемін», - деді Смағұл Елубай.