«Сұрауы бар» YouTube арнасына қонақ болған экс-сенатор, Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы Серік Ақылбай депутаттарға қатысты біраз сұраққа жауап берді.
Себебі кезінде Елбасын қолдап-қолпаштауға негізделген дүниенің бәрін заңмен бекіткен депутаттар қазір, керісінше, оған қарсы шығып жатыр. Жүргізуші тарапынан студия қонағына «Бұл екіжүзділік емес пе?» деген сұрақ қойылды.
Әрине, қазір қарап отырып, олай айта салу оңай. Кезінде сол халықтың бәрі «Нұрсұлтан, Нұрсұлтан!» деп көшеде айғайлаған жоқ па? Шынын айту керек, біз де сендік. 30 жыл бойы президент Назарбаевтың соңынан ердік. Сендік. Менің Сенаттан кеткеніме 6 жыл болды. Мен өз басым сендім. Бірақ қаңтар оқиғасы біздің көзімізді ашқандай болды. Қаңтар оқиғасынан кейін қазіргі президент те мүлдем басқаша саясат жасай бастады, - дейді спикер.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қателігі – балаларының былығын көре тұра тыйым салмауы. Енді міне, соның кесірінен 30 жылда істеген өзге де еңбектері жоққа шығарылып, атына кір келіп жатыр.
«Ең басты қателігі – ағайын-туыстары маңайына жиналды. Көріп отырып, солардың істегеніне «әй» деген жоқ. Жақындары миллиардтап ақшаны жайдан-жай тауып жатқан жоқ. Күрекпен қазып жатқан жоқ қой. Соны көре тұра тыйым салмады. Егер тыйым салса, мүмкін мұндай жағдайға жетпес едік», - дейді Серік Ақылбай.