Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

«Әкежан Қажыгелдин Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалды» - БАҚ

Қазақстанның экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

«Әкежан Қажыгелдин Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалды» - БАҚ
Фото: ашық дереккөзі

Бұл туралы «DALA INCIDE» telegram-арнасы хабарлайды.

Арнаның мәліметінше, «Жаңа Қазақстан Назарбаевтың қарсыластарымен тіл табыса бастады».

«Тоқаев Қажыгелдинді қажетке жаратуда! Әкежан президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Әйгілі Әкежан Қажыгелдин бірталай уақыттан бері Президентке қызмет етуде. Әкежан Назарбаев әулетінің осал тұсын жақсы біледі. Отбасының Батыс банктеріндегі жинақтары, оффшордағы капиталы,  жылжымайтын мүліктері туралы талай жылдан бері тынбай тергеу жүргізген Қажыгелдин қолындағы құнды мәліметтерді жұртқа жария етуге әзір. Назарбаев кланының ақпараттық шабуылына төтеп беру үшін Тоқаев экс-президенттің оппоненттерімен ымырласқан сыңайлы» делінген хабарламада.

Бұл туралы ресми мәлімдеме жоқ.

Сонымен қатар, «Қазақстанның қазіргі президенті мен шетелдегі оппозицияның ортақ жауы – Назарбаев кланы» делінген арна жазбасында.

Арнаның хабарлауынша Тоқаев Қажыгелдин айтқан кеңестерге құлақ түріп отыр. Оның бірнеше сұхбатында айтқан сөздерін президент қайталап отыр.

"Тоқаев қолындағы билікті пайдаланып Ұлттық құрылтай шақыруы қажет. Осы құрылтайда жаңа Конституция мен жаңа саяси құрылымдарды жасақтауға жол ашылуы тиіс", — деген еді Әкежан Қажыгелдин. 

Құрылтай нәтижесінде марқұм Рахат Әлиевтің нұсқауымен сотталған азаматтар мен саяси тұтқындар түрмеден босауы керектігін айтқан. 

Жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныс та Қанды Қаңтарға дейін Қажыгелдиннің аузымен айтылған еді. 

"Тоқаев тарихта жақсы атпен қалғысы келеді! Мұның бір ғана жолы жаңа Конституция қабылдау. Жалпыхалықтық референдум өткізу. Ата заңның жаңа нұсқасын халық талқысына салып, соның негізінде билікті халыққа қайтарса абыройын сақтап қалады. Осының аясында Назарбаев әулетіне де кепілдік беріледі. Жаңа құжатта кезектен тыс президент сайлауын әділ өткізу заңмен бекітулі тиіс", – деді экс-премьер.

Арнаның түйіні бойынша, Конституцияға өзгеріс енді. Биыл кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Қазақстанның парламенттік республикаға ауысатынын да шым-шымдап жеткізген Қажыгелдин еді. 

"Парламент ескі жүйе өкілдерінің шетелдегі есеп-шотында жатқан қисапсыз қаражатты елге қайтару үшін күреседі. Ел байлығын әр тұрғынға әділ бөліп береді", – дейді Қажыгелдин.

«Шетел асқан капиталдың ізіне түскен Қажыгелдин аста-төк ақша елге қайтарылса Қазақстанның әрбір азаматына айына 200-300 доллар тұрақты айлық төленіп тұратын заң қабылданатынын айтқан. Отыз жыл бойы «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған» халықтың Жаңа Қазақстаннан күтері де осы. Тоқаев пен Қажыгелдиннің күш біріктіргені рас болса, бұдан билік те, халық та ұтылмайды деп топшылаймыз» делінген арнаның түйіндемесінде.