Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл туралы ол Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет екендігін айтты. Осылайша Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектелмек. Сондай-ақ, қайта сайлануға тыйым салынады.