Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Саяси қателік жасады": Коммунист Косаревтің әріптестеріне өкпесі қара қазандай

"Жалпы Коммунистер партиясының парламентке енуіне аянбай тер төктім. Енді соны жоққа шығармақ..."

"Саяси қателік жасады": Коммунист Косаревтің әріптестеріне өкпесі қара қазандай
фото: sputnik.kz

Партияластарына өкпесі қара қазандай Мәжіліс депутаты, бұрынғы Қазақстан халықтық коммунистік партиясының мүшесі Владислав Косарев бөлек коммунистік партия құрамын деп мәлімдеді, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Оның айтуынша, партия атауынан коммунистік сөзін алып тастау қателік.

"Әріптестерім партиямыздың атауындағы коммунистік сөзін алып тастай отырып, кешіруге келмейтін саяси қателік жасады. Сол әрекеттерімен мені сатып кетті десе болады. Жалпы Коммунистер партиясының парламентке енуіне аянбай тер төктім. Енді соны жоққа шығармақ. Әрі парламенттегі орындарынан айырылып қалмау үшін, әлдебіреулерге ұнамайтын коммунизм сөзінен бас тартып отыр", - дейді Владислав Косарев.

Естеріңізге сала кетейік Қазақстан халықтық коммунистік партиясы кезектен тыс съезінде атауын өзгертті. Ұйым атауынан “коммунистік” сөзі алып тасталды. Партия мүшелерінің басым бөлігі ребрендингті қолдаған. Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев бұған үзілді-кесілді қарсы.

Айта кетсек, Мәжілістегі ең егде депутат жуырда ғана 83-ке толды. Мәжілістегі “Халық коммунистері” фракциясының мүшесі, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Ал Халықтық партияның хабарлауынша, Косаревтің өзінен партиядан шығу туралы ресми өтініш түспеген. Егер партиядан шығар болса, мандатынан айырылып, мәжілістегі орнын босатуға міндеттелмек. Косаревтің өзі болса, жақтастарын жинап, жаңа партия құру ісіне кірісіп кеткен.

"Төрт-бес облыста ұйымдастыру комитеттері жұмыстарын бастап кетті. Олар партия құрамын жасақтаумен айналысып жатыр. Бұл қиын шаруа, алдымызда тосқауыл көп. Коммунисттік партия тарихының өзі күреске толы, сондықтан демалысты ысырып тастап, коммунизм идеясының орнығуы үшін күш саламын", - дейді Мәжіліс депутаты.