Халықаралық Қызыл крест ұйымы сепаратистік "ДХР" бақылауындағы Еленовка колониясына баруға әзірге ресми рұқсат берілмегенін хабарлады. Жексенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі Мәскеудің БҰҰ мен Қызыл крест ұйымы сарапшыларын шақырып, Украинаның ондаған әскери тұтқыны өлген Еленовка абақтысындағы жарылысты тексеруге рұқсат бергенін хабарлаған болатын деп жазады Рaryz.kz azattyq.org сілтеме жасап.
Би-би-сидің Орыс қызметі бұған дейін Киевтің абақтыға аталған ұйым өкілдерін жіберуді талап еткенін айтқан. БҰҰ мен Қызыл крест ұйымы Еленовкаға өкілдерін жіберуге дайын екенін мәлімдеген.
Қызыл крест ұйымы 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде, Еленовка абақтысына жасалған шабуылды айыптап, бүкпесіз зерттеуге шақырған.
"Әскери тұтқындарға не болғаны жайлы барлық ақпаратты олардың жақын туыстары дереу алуға тиіс. Бұған екі тарап та күш салуы керек", – дейді комитет мәтінінде. Бұл ұйым қазіргі негізі міндеті "жаралыларға ем-дом көрсетуге мүмкіндік туғызу және өлгендердің денесін қорлауға жол бермеу" деп көрсеткен.
Киев пен Мәскеу Еленовка абақтысын зымыранмен атты деп бір-бірін айыптаған.