Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

Қазақстан алпауыттар тіресетін алаңға айналып кетпес үшін Ақорда не істеуі керек?

Геосаясат тақырыбын жалғастырайық. Халықаралық шиеленіс деңгейі «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған» шағына жақындап келеді. Бұрын иық тірестіріп келген алпауыт державалар бүгін де шаппа-шап шайқас алдында. Алпауыттардың бұл жолғы текетіресі Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның да келешегіне едәуір әсер етері даусыз. Украинада басталған соғыс тіпті қазірдің өзінде Қазақстан билігін ойландырып, экономикалық саясатты да, сыртқы саясатты да бұрынғыша жүргізе беруге болмайтынын ұқтырып отыр.

Әлемдегі ірі ойыншылар – Батыс елдері, Ресей немесе Қытайдың тіресетін алаңына айналып кетпес үшін Қазақстан билігі нені ескеруі керек? Соңғы оқиғалар сыртқы саясатқа қандай өзгерістерді енгізіп жатыр? Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы алда қалай өзгеруі мүмкін? Рaryz.kz  ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап, оқырманға осы және өзге де мәселе төңірегінде сарапшы пікірін ұсынады.

Қазақстан алпауыттар тіресетін алаңға айналып кетпес үшін Ақорда не істеуі керек?
Коллаж: ulysmedia.kz.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАҢДАУЫ – ТЕҢГЕРІМДІ ДИПЛОМАТИЯ

Шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы, түркі елдерін зерттеуші Жанат Момынқұловтың айтуына қарағанда, Қазақстанның сыртқы саясатында соңғы кезде түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Соңғы кезеңдегі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азияға, Сауд Арабиясына сапары және басқа да сыртқы саясаттағы әрекеттер керісінше, Қазақстанның маневр жасағысы келетінін, соған қабілеті жететінін көрсеткісі келетінін дәлелдейді дейді ол. Сарапшының пікіріне қарағанда, Қазақстанның таңдауы үлкен геосаяси жағдайға байланысты. Батыс, Қытай және Ресей үшбұрышында Қазақстанның таңдауы – оның күшін, жағдайын айқындап, белгілейді. Бірақ абсалютті таңдауы жоқ.

«Қазақстан қанша дегенмен Ресейге жақын, Ресейдің спутнигі. Бірақ тар шеңберде өзінің таңдауын жасай алады. Бұған дейін де тәжірибелі дипломатиясы көрсеткендей, бұл салада нәтижелері бар. Тәжірибесі  де», - дейді ол.

Саяси сарапшы өз сөзінде Қазақстанның үлкен таңдауында әзірге өзгеріс жоқтығын да атап өтті. Ал кіші таңдауында Қазақстан өзіне тән түркі әлемімен, Батыспен, Қытаймен экономикалық қарым-қатынастары дами береді. Энергетикада, экономикалық сауда саласында Еуропа елдерімен, Қытаймен тығыз қарым-қатынасы бар. Олардың бәрі жалғаса бермек.

Жанат Момынқұлов

«Бірақ қауіпсіздік саласында Қазақстан Ресейге байланысты болғандықтан, сыртқы саясат шамамен осы бағытта жүре береді. Қазақстанның жағдайы Ресейдегі ішкі және сыртқы геосаяси жағдайларына байланысты. Кремльдің геосаяси ойынының өзгеруіне де. Өйткені Ресей бізге ықпал етеді. Украина соғысы Қазақстанның келешегі үшін маңызды. Егер Ресей осы соғыстан кері әсермен шығатын болса, ол да мысалы бізге әсер етуі мүмкін. Бірақ Қазақстан да сол кері әсермен кетіп қалуы керек деген әңгіме емес. Керісінше, кіші таңдаудың ішінде Қазақстан өзінің жоқ дей алатын жерлері, иә дейтін жерлері бар. Өзін кіші шеңберде еркін көрсетуі керек. Ресейдің халықаралық деңгейде беделінің түсуі жағдайында Қазақстан оның артынан кете бермейді. Біздің таңдауымыз – теңгерімді, дипломатиялық бағыт», - дейді сарапшы.

   АҚОРДА КРЕМЛЬДЕН АЛЫСТАЙ ҚОЙҒАН ЖОҚ

Жанат Момынқұловтың сөзіне қарағанда Украинада соғыс басталғалы бері Қазақстанның Ресейге көзқарасы іштей өзгерді деп айтуға болады. Қоғамда да, жоғары жақта да біраз өзгерістер бар. Сыртқы саясатта, басқа да органдарда белгілі бір анализдер болады.

«Бірақ Ақорданың Кремльден алыстай бастағанын айту әлі ертерек шығар. Бірақ соңғы әрекеттер, әртүрлі деңгейдегі сапарлар, Орталық Азияның консультативті жиыны, Тоқаевтың Сауд Арабияға сапары – халықаралық қиын жағдайда Қазақстанның маневр жасағысы келетінін білдіреді. Яғни ол күрделі жағдайдан шығудан тырысуда. Әртүрлі алаңда қозғау арқылы Қазақстан өзінің стратегиялық тұрақтылығына мән беріп отыр», - дейді ол.

Азық-түлікке байланысты Сауд Арабиясына сапарында Тоқаев Қазақстанның суармалы жерінің өте ауқымды екенін айтып, ауыл шаруашылығына, уран, хром сияқты қазба байлықтарының көптігімен араб инвесторларын тартуға тырысып жатыр. Себебі Қазақстанның сыртқы азық-түлік нарығында белгілі бір рөлі бар. Жанат Момынқұлов Қазақстанның жағдайы басқа елдермен салыстырғанда жаман емес деп есептейді. Сондықтан Қазақстан бидай мен ұн нарығында, басқа да салаларда өз мүмкіндіктерін ұсына алады. Қауіп бар десек те, Қазақстан үшін мүмкіндіктер көп. Өйткені Қазақстанның жері кең, аграрлық әлеуеті жоғары.

  БІТІМГЕРЛІК МИССИЯСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҮШІН КЕРЕК

Саяси сарапшыдан Қазақстанның бітімгерлік миссиясы туралы да сұрағанбыз. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Парламенттің бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қарулы Күштердің 430 әскери қызметшісі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемені орындау үшін БҰҰ бітімгершілік миссияларына жіберілетінін мәлім еткен еді. Жанат Момынқұлов Қазақстанның бұл миссияға қатысуымен қолдайтынын атап өтті.

«Конго, Мали, Ливан секілді мемлекеттерде 400-ден астам әскердің тәжірибе жинап, халықаралық әскери, ақпараттық салаға енуі Қазақстанға алдағы кезеңдерде пайдалы. Қазақстанның Батыстың, халықаралық қауымдастықтардың алдындағы беделін арттырады. Ресей, Қытай секілді мемлекеттерге тепе-теңдікті сақтайтын фактор болуы да мүмкін», - дейді сарапшы.

Түркі бірлігіне қатысты айтқан Жанат Момынқұлов қазір өкінішке қарай, Түркия өзінің ішкі мәселелерін шеше алмай жатқанын, сыртқы әлемге әсер ете алатын мемлекет емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Украина соғысы көрсеткендей, Түркия Батыстан, НАТО-дан біраз алшақтап, Ресеймен серіктес мемлекетке айналып бара жатыр. Бұл – Ресей сыртқы саясатының жетістігі дейді ол. Түркияның бұл жерде таңдауын айтуға болады. Яғни НАТО-дан алыстап, Ресейге жақындауы – оның таңдауы. Сол сияқты Қазақстанның да өз таңдауы бар. Әлбетте, Қазақстан өзгерте алмайтын геосаяси шешімдер бола бермек.

«Оның ішінде салыстырмалы немесе кіші таңдаулар бар. Осы таңдаулар Қазақстанның қолында – өзі басқара алады. Қазақстан алдағы кезеңдегі Украина соғысының да нәтижесімен ұтымды жағдайға түсуі мүмкін. Сонымен қатар қауіп-қатерлер де бар. Егер Ресей қатты әлсіреп, халықаралық беделі тым төмендеп, ішінде проблемалар басталып кетсе, ол кезде Қытай күшейеді. Ол кезде Ресейдің емес, Қытайдың спутнигі болу қаупі бар. Сондықтан осындай факторларды да ескерген жөн», - деп атап өтеді ол.

Өкінішке қарай Орталық Азияда осы жылдың жартыжылдығының ішінде екі-үш жағымсыз оқиғалар болды. Жанат Момынқұлов соның біріншісі – Қаңтар оқиғасы екенін, оның Украинадағы соғыспен тұспа-тұс келіп отырғаны қызық факторға теңейді. Өзбекстандағы Қарақалпақстандағы оқиғаның Қазақстанға кері ақпараттық әсері болуы ықтимал деп те айтады.

«Осы жағынан келгенде Қазақстанға белгілі бір қысым болғанын, осы жағдайда Қазақстан президентінің сыртқы саясатымыздың осындай әрекеттерге барғанын байқауға болады. Осындай жағдайда бізде ақырындап, концептуалды, жұмсақ саясат дейміз бе – бір өзгерістер болатын түрі бар. Өйткені Қазақстан халқының, қоғамының басым бөлігінің Украина соғысына қатысты және Қаңтар оқиғасына, Қарақалпақстандағы жағдай бойынша өз ойы қалыптасып келеді. Осылардың бәрін ескерген кезде қатты қоғамдық өзгеріс демесек те, санасатын факторлардың туындап жатқанын да атап өткім келеді», - деп түйеді сөзін Жанат Момынқұлов.