Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ресей конфронтациясы, Қазақстанның маневры, геосаяси мүдделер мен тың мүмкіндіктер жайлы – Досым Сәтпаевпен сұхбат

Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап, Рaryz.kz  оқырманның назарына саясаттанушы Досым Сәтпаевпен өрбіген сұхбатты ұсынады. Саясаттанушы жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстанның ұстанымы, көрші елдермен, Ресеймен қарым-қатынасы, геосаяси тәуекелдері мен мүмкіндіктері туралы ойын ашып айтты. Түркия мен Қытайдың, Батыс елдерінің мүдделері туралы да сұрақтарға жауап берді.

Ресей конфронтациясы, Қазақстанның маневры, геосаяси мүдделер мен тың мүмкіндіктер жайлы – Досым Сәтпаевпен сұхбат
Коллаж: ulysmedia.kz.

ҚАЗІР БҰРЫНҒЫ МЕХАНИЗМ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ

– Досым Асылбекұлы, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қазіргі ұстанымына қалай баға бересіз? Шетелдік және отандық сарапшылардың кейбірі Қазақстан маневр жасайтын дәліз тым тар деген пікір айтады. Күндердің күнінде Қазақстан майдан шебіне бөлінген тараптардың бірін таңдауы мүмкін бе? Мұндай жағдайда Қазақстанды қандай сценарийлер күтіп тұр?

– Украинада соғыс басталғаннан кейін биыл Қазақстан геосаяси тұрғыда өте қауіпті әрі турбулентті аумаққа түсіп қалды. Ол аумақты – геосаяси хаос аумағы да деп те атауға болады. Жаһандық деңгейде де, аймақтық деңгейде де қауіпсіздік дефициті пайда болды.

Қазақстанның негізгі проблемасы неде? Біздің сыртқы саясатымыздың түпқазығы жылдар бойы аумақтық тұтастық жағынан да, қауіпсіздік жағынан да тым былқылдақ жерде қадалып тұрды. Қандай да бір халықаралық келісімдерді сақтауы тиіс мемлекеттер ішкі ісімізге қатты араласа алмайтын. Ал қазір бұл механизм жұмыс істемейді. Яғни жылдар бойы біз Қарулы күштерді жаңғырту жағынан өзіміздің қауіпсіздік жүйемізді, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін де дамытып, қорғай алмадық. Ресейдің әсіресе пропогандалық ақпаратына төтеп бермедік. Бұл бағытта соғыспай жеңілетін жағдайдамыз. Жылдар бойы халықаралық қауіпсіздік белгілі бір деңгейде Қазақстанның минималды қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Ал қазір ондай кепілдік жоқ. Халықаралық құқыққа түскен жарықшақтар уақыт өткен сайын ұлғайып, сөзсіз, Қазақстанның қазіргі сыртқы саясаты қандай да бір апгрейдті, салмақты өзгерістер мен модернизацияны талап етіп тұр.

Бір жағынан түсінікті: Қазақстанның көпвекторлы саясаты сақталуы керек. Үйлесім жағынан оның артықшылықтары болды. Бірақ, меніңше, Қазақстанның классикалық көпвекторлы саясаты 2014 жылы аяқталып қойған.

– Қырым үшін талас басталғанда ма?

– Иә. «Кырымнаштан» бөлек, Қазақстан ұрынған ең қате жоба – Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) ену болды. Оның салдарын әлі күнге дейін көріп отырмыз. 2010 жылы Кеден одағы, кейін ЕАЭО-ға кіру – Қазақстанды дәл өзіңіз айтып отырған тар дәлізге апарып тықты.

Яғни ҰҚШҰ (ОДКБ) мүшесі әрі ЕАЭО мүшесі бола отырып, Қазақстан өз қолымен маневр жасайтын алаң аумағын қысқартып алды. Дипломатиялық, экономикалық, әскери тұрғыдан да. Сол себепті Ресей бізге бүгін де экономикалық және әскери бағытта «серіктес» болғандықтан әрі дәл сол мезетте басқа мемлекеттермен жауласып жатқандықтан, бұл фактор бумеранг ретінде Қазақстанға да тиеді. Меніңше, қазір Қазақстан бұған дейін қол қойған келісімшарттарының бәріне ревизия жүргізіп, Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келетінін елеп-екшеуі керек. Яғни біз сол келісімшарттардағы елдің егемендігін шектеуі мүмкін әрі бүгін де шектеп жатқан шынайы тәуекелдерді терең талдауымыз керек.

Қазақстанның сыртқы саясаты ұлттық мүдделердің дипломатиясы негізінде жүргізілуі тиіс. Назарбаевтың тұсында Қазақстанның сыртқы саясаты – оның пиар-акциясының, имиджінің бір бөлігі болатын. Оны басты интегратор, басты бітімгер ретінде көрсеткісі келді. Елдің ұлттық мүддесін қорғаудан бұрын президентті көбірек жарнамалауға талпына жүріп, біз Қазақстанды қазір шығуы қиынға айналған қақпанға әкеп түсірдік.

– Өзіңіз айтып отырғандай, бұған дейін қол қойған келісімшарттарға ревизия жүргізу барысында Қазақстанға қандай да бір одақ немесе интеграция тиімсіз екені расталса ел билігінің сол одақтан шығуға қауқары, саяси жігері жете ме? Дәл сол Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ жайлы айтсақ, мәселен. Біз қазір батыл қадам жасайтындай жағдайда емес секілдіміз ғой...

– 2014 жылы біз Қазақстанның ЕАЭО-ға кіруіне қатты қарсы болған кезде ел билігіне ол одаққа кіру оңай болғанымен, шығу қиынға айналатынын ескерткенбіз. Ресейдің Украинамен қақтығысы 2014 жылы не үшін басталғанын ұмытпайық. Ол тұста Украина ЕАЭО-ға кіруден бас тартып, Еуропаға бұрылған. Ресейдің әскери конфрантациялық механизмді таңдауының ең басты себебінің бірі осы. Әлбетте, дәл қазір Қазақстан ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығам десе, Ресей оны жау әрекеті деп қабылдайды. Міне, Тоқаев Путинді Қазақстанның сол одақтарда қала беретініне бар күшімен не үшін сендіргісі келетінін осыдан түсіне беріңіз.

Жарайды, егер Қазақстанның қазіргі билігі Ресеймен конфрантацияға келуден қорықса, ендеше Шығыс халықтарына тән саясатты ұстану керек. Яғни ЕАЭО шеңберінде біз керемет іс тындырып жатқан түр көрсетіп, Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келетін қандай да бір әрекеттерге бармаған жөн болады.

– Яғни істің артын бағу дейсіз ғой...

– Әлбетте, әлбетте. Бір нәрсе туралы айтып, екінші жағынан ылғи да форс-мажор жайттарына сілтеп отыра берген жөн. Оның үстіне ЕАЭО құру туралы келісімшарттың үшінші бабында «ЕАЭО тараптардың өзара пайдалы ынтымақтастығына, теңдігіне, ұлттық мүдделерінің есепке алынуына негізделетіні» жазылған. Қазақстан ұлттық мүдделері ескерілмей, қысым жасалып жатқанына көзі жетсе, әрдайым осы бапқа сілтей алады. Ал біз бүгінге дейін ЕАЭО шарттарының көбін Ресейдің өзі бұзып отырғанын көріп отырмыз.

– Иә, ол туралы қаншама айтылды.

–  Ең қиыны, сол шарттарды Ресей экономикалық одақ құрылғаннан бастап ұстанбай келеді. Реттеудің тарифтік әдістеріне, Қазақстан тауарларына кедергі қоюына байланысты қаншама дау туды. Украинада соғыс басталып еді – Ресей біржақты тәртіппен бидайды, қантты да сатуды доғарды. Бір жақты! Қант пен бидайдың өзі-ақ ЕАЭО-ға мүше елдердің бірі өзі қойған келісімшартты бұзып отырғанының шағын мысалы ғана. Дәл осындай кезеңде Қазақстанда сол жарғыға сүйенерлік мүмкіндік туады. Қазақстан мұндай кезде «өздеріңмен бірге құрған одақтың шартын сақтамайды екенсіңдер, ендеше бізге де сол шарттардың құны көк тиын» деген позицияны ұстануы тиіс. Егер Тоқаев дипломатиялық келіссөздерге иек артса, ісіне қарағанда солай әрекет етіп жатқан сыңайлы – батыл әрі кесімді шешімге бармауы мүмкін. Ендеше, оған ЕАЭО ішінде Қазақстанның мүдделерін батылырақ қорғауына, қазақстандық бизнестің арыз-шағымын көбірек тыңдауына тура келеді. Өйткені Кеден одағын, одан кейін ЕАЭО құру туралы келісімшартқа қол қойған кезде ел билігі қазақстандық бизнестің ойын елемеген. Өйткені қол қоюдың өзі саяси қадам болған. Қазақстанның экономикалық мүдделері ескерілмеген.

ЕАЭО ақыры Қазақстанды қайда алып келді? Былтыр экономист Төлеген Асқаров «ЕАЭС: чемодан без ручки» деген мақала жазды. Ол мақалада мынадай сан келтіріледі: ЕАЭО-ға мүше болғалы бері Қазақстанның одаққа мүше елдермен өзара сауда-саттығының теріс сальдосы 45% өскен. Яғни біз экспорттағаннан гөрі импорттағанымыз көп болып кеткен. Бұл былтырғы статистика. Ал жалпы ЕАЭО жұмысын бастағалы бері сол теріс сальдо шамамен 20 млрд АҚШ долларын құраған. Яғни біз Ресей мен Беларусь өнімдеріне нарықты айқара ашып тастадық та, 20 млрд АҚШ долларын жоғалтып алдық. Дәл сол уақытта Қазақстанның кәсіпкерлері Ресейге апарған тауарларының сатылуына шектеу қойылып жатты, екінші жағынан біз бәсекенің өзіне дайын болмай шықтық. Біздің өнеркәсіптің өзі өндіріске негізделмеді. Шикізатты ғана экспорттап кете бардық. Дайын өнімді сатып алып келдік. Демек, ЕАЭО – Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан сәтсіз, ал геосаяси тұрғыда қауіпті жоба болып шықты.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАНДАЙ БАЛАМА ЖОЛДАР БАР

– 30 жыл бойы Қазақстан басқа елдермен интеграцияда Ресейге басымдық беріп келді. Әлбетте түркі бірлігі, Қытаймен сауда-саттық қатынас туралы да айтуға болар еді. Бірақ сауда, экономика жағынан бәрібір Ресеймен қарым-қатынас тығыз орнады. Оны біз Ресейден келетін импорттың өзімен ғана (жалпы импорттың 50% жуығы) өлшей аламыз. Қазіргі жағдайда есепке алғанда алдағы 10 жылда Қазақстанның халықаралық интеграциясы басқаша сипат алуы мүмкін бе? Қандай ықтимал мемлекеттермен байланыс нығаюы мүмкін?

– Ресейге салынатын санкциялардың салқыны әлі қаншама жылдар бойы күшінде болады. Осыны есепке алсақ, экономикалық тұрғыдан қарағанда Ресей Қазақстан үшін пайда көзі болғаны былай тұрсын, тәуекелдердің түр-түрін туғызуы мүмкін елге айналады. Оның ішінде Қазақстанның қайталама санкцияларға ұрыну қаупі де бар. Оның алғашқы мысалын біз АҚШ санкция енгізген өзбекстандық компаниядан көрдік. Мұның өзі өте қатерлі белгі. Сол себепті санкциялар туралы әңгіме болғанда мемлекетті бәлеге душар қылмас үшін Қазақстанның билігі өте сақ болуы керек.

Әрине, геосаяси және геоэкономикалық жағдай өзгеріп, біз бұған дейін болмаған жағдайға жеттік пе, демек, Қазақстан сыртқы саясатының жаңаша моделін құруы керек. Оның ішінде сыртқы саясаттың жаңа моделінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде дағдарысқа бейімделу моделі болуы тиіс. Ол нені білдіреді? Қазақстанның сыртқы саясаты, экономикалық саясаты дағдарысқа қарсы менеджмент негізінде құрылуы керек. Біз кез келген жағымсыз өзгеріске шұғыл жауап беріп, Қазақстанның ұлттық мүдделерін есепке ала келе, соларға бірден бейімделіп, оған қоса селқос бақылаушы ғана емес, өз бастамаларымызды да айта алатын дәрежеде болуымыз керек. Тәуекелдерді азайту үшін қандай да бір жобаларды жасауға тура келеді. Өйткені мәселен, Ресейге салынған санкциялар белгілі бір деңгейде Қазақстан үшін де экономикалық қиындықтарды туғызып жатыр. Екінші жағынан бұл фактор Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашады. Яғни біз бүкіл посткеңестік аумақта геосаяси және геоэкономикалық тұрғыда апгрейд жүргізгеніміз абзал. Біріншіден, біз көліктік-логистикалық бағдарларымызды әртараптандыруымыз керек.

– Сол іс қолға алынды ғой.

– Иә, сол іс қолға алынды. Бірақ ол шаруаны біз 20-30 жыл бұрын бастауымыз керек еді. Әрине, бұл тұрғыда Қазақстанның маңызды серіктестерінің қатарында түркі тілдес елдер болары сөзсіз. Ол қатарға Орталық Азия елдерін, Әзербайжанды, Түркияға жатқызуға болады. Шын мәнінде, дәл қазір Түркия экономикалық тұрғыда, Ресейді айналып өтетін көліктік-логистикалық тұрғыда басты хабқа айналуға барын салып жатыр. Меніңше, осы бағытта Түркия Қазақстанға және басқа да түркі тілдес елдерге белсенді түрде көмек көрсетуге тырысады. Яғни бұл бағытта бізде балама барын байқаймыз. Сол себепті біз бұл балама жолдарды барынша дамытып, оның өркендеуіне белсенді түрде атсалысуымыз керек.

Одан бөлек Орталық Азия аймағы бар. Жақында аймақ басшылары Қырғызстанда кездесу өткізді. Бәлкім, ол кездесу керемет өнімді болмаған да шығар, алайда өз басым үлкен істің бәрі ұсақ шаруалардан басталатынына сенемін. Еуропалық одақтағы Франция мен Германия секілді Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы кооперацияның ядросы бола алады. Шын мәнінде, Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық кооперация, шекаралық сауда, туристік бағдарларда шеңберінде белсенді мемлекеттер. Өнеркәсіптік кооперацияларды жасауда да алғашқы мысалдар бар. Міне, сондықтан, меніңше егер Өзбекстан Пәкістан порттарына жету үшін трансауған темір жолын сала алса, онда Қазақстан да бұл іске белсенді түрде атсалысуы керек. Ондай жағдайда біз Қазақстан тауарын, өнімін өткізуге болатын тағы бір балама бағдарға қол жеткіземіз. Сондықтан, біз балама бағдар туралы әңгіме қозғасақ, өз басым осы екі маршрутты – түркі елдерінің альянсы мен Орталық Азия аймағын көріп отырмын. 

Өкінішке қарай, біз осы екі бағдарға қол жеткізу шаруасын шұғыл атқаруға мәжбүрміз. Ондаған жылдар бойы оңай әрі асықпай атқаруға болатын шаруаны бізге енді амалсыз жедел жасауға тура келеді.

Биыл болған геосаяси және геоэкономикалық жағдайлардың бәрі де осы трансформацияларға серпін берері сөзсіз. Біз де бәрін уақтылы қамтып қалуымыз керек. Себебі Каспий құбыр желісі бағытында кезекті проблема туындаған кезде «Не үшін Қазақстан әлі күнге дейін шикізат сатып отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Оған қоса не үшін сол шикізатты бір құбырмен ғана сата берген? Ресейге неге басымдық берген? Баку-Жейхан бағытын бұрыннан бері неге қарастырмаған? Әртараптандыру шаруалары не үшін ерте жүргізілмеген? Өз басым мұны ұлттық қылмыс, мемлекетке жасалған опасыздық деп есептеймін. Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қарағанда бұл кәдімгі қылмыс. Жарайды, уақыт қайтып келмейді. Дәл қазір бұрынғыша шикізатты айдап, сата беруге де болар еді. Бірақ бұл тәуекелге апаратынына көз жетті. Әйтпегенде Қазақстанда белсенді түрде мұнайды өңдеу саласын дамытып, қосылған құны жоғары өнімді шығарып, оны құбыр желілері арқылы емес, темір жол немесе танкерлік тасымал арқылы да сатуға болады. Оның пайдасы да зор болар еді. Менің ойымша, мұның өзі де Қазақстан экономикасын шикізатты өңдеу тұрғысында әртараптандыруға көмектесер еді.

УКРАИНАНЫҢ ӘСКЕРИ ТӘЖІРИБЕСІ – ДАЙЫН КЕЙС

– Балама бағдарларды іздеу, логистиканы әртараптандырудың өзі шын мәнінде, Ақорданың Кремльден алыстай бастағанын білдіре ме? Жалпы Украинада соғыс басталғалы Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы қалай өзгерді деп ойлайсыз?

– Бұл түсінікті. Ресей өзін-өзі бәрінен алыстатқан статусқа апарып тықты. Посткеңестік аумақта ғана емес, жаһандық, аймақтық деңгейде де. Оған қоса Ресейдің сыртқы саясаты конфронтациялық сипатқа ие болғаны соншалық, тіпті посткеңестік кеңістікте серіктес елдердің өзін Ресей кеудесінен итеруін қоймайды. Ресейдің сыртқы саясаты да, ақпараттық саясаты да соны көздейтіндей әсер қалдырады. Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылдың өзін еске түсіріңіз.

Проблема неде? Сыртқы саясат жағынан бір-біріне мүлде алшақ модельдер бір-бірімен соқтығысып қалды. Оның бір жағында көпвекторлы Қазақстанның сыртқы саясаты, екінші жағында Ресейдің сыртқы саясаттағы конфрантациялық моделі тұр. Осы екі модель бір-бірімен үйлеспейді. Ресей ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ға мүше серіктес елдерден Ресейдің сыртқы саясатына байлануын талап етеді. Серіктестері ішінде Беларусь қана сондай емеурін білдіреді. Бұл таңдау Қазақстан үшін тиімсіз әрі барлық саладағы ұлттық мүдделеріне қайшы. Оған келіссек, біз тәуелсіздігімізден айырылып тынамыз. Лукашенконың билігіндегі Беларусь сол қадамға барды. Сол себепті Қазақстан сыртқы саясаттағы бастамаларында өзінің дербестігін дәлелдеп отыруы қажет. Батыс Қазақстанды Ресейдің марионеткасы ретінде қабылдамауы үшін, Қазақстанның сыртқы саясаттағы өз моделі барына көз жеткізуі үшін керек бұл.

Сыртқы саясаттағы модель тұрғысынан Қазақстан маневр жасайтын алаңды барынша ұлғайтуға тырысуы керек. Ол алаңды әскери, экономикалық, саяси салада ұлғайтуға баса мән берген абзал. Әскери тұрғыда да саланы әртараптандыруға тура келеді, себебі біз қазір ҰҚШҰ мен Ресейден тасымалданатын қаруларға қатты тәуелдіміз. Өйткені әскери салада да тәуекел бар. Егер бір мемлекет қару-жарақ, әскери техника жағынан екінші мемлекетке 80% деңгейінде тәуелді болса, онда ол мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне де қатер төніп тұр деген сөз. Украинадағы соғыстың өзі Ресейдің әскери техникасы, ұрыс жүргізу тактикасы құрдымға кеткенін көрсетіп берді. Ресей өз мүмкіндіктерін таныту жағынан қалыс қалды. Соғыстың өзі Ресейдің әскери держава атанып келген репутациясының күлін көкке ұшырды. Украинаның Қарулы күштері, аумақтық қорғанысы заманға сай технологияларды қолданып, әскери тактиканы таңдауда едәуір сәтті болып шыққанына куә болып отырмыз. Украинадағы шайқастар қазіргі заманда соғыстың қалай өтетінін ашып көрсетті. Сондықтан Қазақстан Украинаның тәжірибесін кейс ретінде қолдануы керек. Тоқаев Түркияға барған кезде әскери келісімге де қол қойылып, беспилотниктерді өндіру жағынан келісіп келді. Сол себепті әскери саланы да, экономиканы да әртараптандыру керек.

Біз Қазақстанның көпсекторлы саясатын стратегиялық позициясына қайтаруымыз керек. Яғни Қазақстанның бәрімен, оның ішінде ірі ойыншылармен, АҚШ, Еуродақ, Орталық Азия елдерімен, Иран, Қытаймен байланыс ұстағаны абзал. Бізге геосаяси баланс, дистанциялық серіктестіктің дипломатиясы керек. Осылар Қазақстанға маневр жасарлық кеңірек алаң ұсына алады.

ДӘЛ ҚАЗІР ҚЫТАЙҒА РЕСЕЙДІҢ ӘЛСІРЕГЕНІ ТИІМДІ

– Шетелдік саясаттанушылардың кейбірін тыңдасақ, Ресейдің Қазақстанға қаттырақ қысым жасай алмауына Қытайдың мүддесі тосқауыл қойып отыр деген пікірді айтады. Бұл пайым-пікірдің негізі бар ма?

– Қытай үшін Орталық Азия бірнеше бағыт бойынша маңызды. Біріншіден, ол аймаққа шикізат көзі ретінде қарайды. Дәл қазір Қытайға Ресейдің әлсірегені тиімді. Өйткені Ресей әлсіресе Қытайдың ықпалы артып, Ресей айырылған экономикалық басымдықтар бос қалады. Ресей бұған дейін де Орталық Азияда экономикалық ойыншы ретінде рөлінен айырыла бастаған. Бүгінгі күні Қытай Ресейдің шикізатын өте арзан бағамен сатып алып жатыр. Қытай шикізатқа келгенде Орталық Азия елдеріне балама көз ретінде қарайды.

Екіншіден, Қытай үшін «Бір белдеу – бір жол» Орталық Азия елдері көліктік-логистикалық аумақ ретінде маңызды. Өйткені құрлық жолдарына келгенде Қытай Қазақстанға басымдық береді. 2013 жылы Си Цзинпиннің «Бір белдеу – бір жол» жоспарын Қазақстанға келгенде айтуы тегін емес. Өйткені Қытай үшін Қазақстан транзиттік бағдар ретінде аса зор маңызға ие. Ол – Ресейді айналып өтетін жол. Қазақстан арқылы Қытайдан Германияға баратын, Ресейді айналып өтетін бағдар іске қосылып қойды.

Үшіншіден, маңызды мәселе – Орталық Азия Қытай үшін қауіпсіздік тұрғысында өте маңызды. Қытай қазір белсенді тұрде Шыңжаңдағы позициясын бекітіп алуға барын салып жатыр. Бар күшімен, тіпті репрессия жолымен де. Сол жақта тұратын қазақтар да оған ұшырағанын білесіздер. Солайша, Қытай Шыңжаңда туындауы мүмкін қауіп-қатердің мөлшерін барынша азайтқысы келеді. Екіншіден, ауған факторы бар. Егер Ауғанстанда жағдай тыныш болмаса, бұл жайт Орталық Азия үшін домино эффектін туғызуы ықтимал. Шыңжаңда дүмпу туып, оған ауған факторы қосылса, онда Қытай үшін аса үлкен бас ауруы тууы мүмкін. Қытайдың алдында қазір Орталық Азияға келген әскери-саяси мақсаты жоқ, оның басты басымдығы – Тайваньда. Негізгі әскери әрі геосаяи мүддесі соған байланған. Сол себепті Қытай үшін Орталық Азияда тыныштықты кез келген жолмен сақтау өте маңызды. Егер Ресей Қазақстанның солтүстіктегі аумақтарында қандай да бір әскери авантюрасын іске асырғысы келсе, онда бұл жағдай сөзсіз Қытайдың мүддесіне де соққы болып тиеді. Қытай үшін Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде ең көп инвестиция құйылған ел, оған қоса Қазақстан көліктік-логистикалық басты бағдары жатқан әрі Орталық Азиядағы қауіпсіздік тұрғысынан ең маңызды элемент. Егер Қазақстанда дестабилизация басталса, онда тыныштық бүкіл Орталық Азиядан кетеді. Қалапақстандағы жағдайды еске алыңыз. Бір ғана мысал. Егер Ресейдің өзі бұл аймақты шиеленіс аумағына айналдырса, онда бұл әрекет Қытайға қуатты соққы болып тиеді. Ал бұл жайт Бейжіңнің кері реакциясын туғызады. Сондықтан, Орталық Азия елдері үшін Ресеймен қатынаста қандай да бір баланс ұстағаны абзал. Теңгерім күшін ойласа, аймақ елдері Ресеймен тең күш ретінде Түркияны, Қытайды, мұсылман елдерін көруі керек. Себебі Орталық Азияны мұсылман әлемінің бір бөлігі ретінде көрсетуге болады. Бұл маңызды. Осындай жағдайда Кремль Қазақстанға қатысты қандай да бір әскери авантюра жасағысы келсе, бұл әрекет Ресейдің өзін тіпті серіктес елдер алдында аластаған аутсайдер елге айналдырады.

– Мұның өзі Ресейді қос майданға ұрындыра ма?

– Иә. Батыстан бөлек шығыстағы майдан. Батыспен тірескенде бәсті Қытайға тіккен Ресей шын мәнінде ұтылып қалғанын көріп отырмыз. Өйткені Қытай Ресейге келгенде өзін абайлап ұстайтын болған. Шикізатын арзан алумен бірге, өз ережелерін айта бастады. Қытай компаниялары қазір Ресеймен байланысын шектеп жатыр. Санкциядан қорқады өйткені. Қытай үшін маңызды нарық – Еуропа елдері мен АҚШ қанша дегенмен.

– Экономистердің бұған дейін Қытайдың АҚШ пен Еуропа елдерімен өзара тауар айналымы 1,5 трлн АҚШ долларынан асатынын, ал Ресеймен тауар айналымы бар-жоғы 145 млрд АҚШ долларына тең екенін айтқаны бар еді...

– Міне, көрдіңіз бе?! Экономикалық-прагматикалық көзқарас тұрғысынан Қытай үшін Ресей нарығы түкке тұрмайды. Сол себепті Қытай Ресейді санкцияларды айнала өтіп, көмектескісі келсе – бұл экономикалық тұрғыда өз-өзіне қол салумен бірдей болады. Сол себепті Қытай экономикалық бағытта Ресеймен арақашықтықты сақтауға тырысады. Оған қоса қытайлық сарапшылардың кейбірі осы мәселе тұрғысында зерттеуін жариялап, «Ресей көп жылдық оқшаулыққа түскенін, Қытай осыны есепке алып, шешім қабылдауы керектігін» жазған. Сонымен бірге қытайлық сарапшылар «Ресей Украинаға соғыс аша отырып, украиндардың мықты ұлтын қалыптастырумен бірге, Батыс елдерінің бірігуіне жол ашқанын» да жазып жатыр. Швеция мен Финляндия ешкім күтпеген жерден НАТО-ға кірмек. Еуропа елдері қайта бірігіп кетті. Ресей оларды қанша мәрте бөлеміз десе де.

– НАТО басшысы Столнберг те Батыс елдеріне «ертең бізде соғыс болмас үшін бүгін құн төлеуіміз керек» деген еді жақында. Оның сөзі сіздің пайымыңызды растайтын секілді.

– Яғни Путин артық қылам деп, тыртық қылды. Бәрін керісінше жасады. Қытай сарапшылары АҚШ пен Еуропа елдерінің бірігіп кеткенін, НАТО модернизация жасағанын жазып жатыр. Бір кездері Франция президенті Макронның НАТО-ны «өлі миға» теңегені бар. Ол Кеңес одағы ыдырағаннан кейін НАТО өз функциясын орындаудан қалды деп есептейтін.

– НАТО-ға жарна төлегісі келмегендегі сөзі, бәлкім?

– Дұрыс. Бюджеттен ақша бөлгісі келмеді. Қазір керісінше, НАТО реинкарнациядан өтіп, жаңа формада одан да мықты ұйымға айналды. Оған мүше елдердің бәрі де бірігіп, модернизация жасап, Украинаға көмектесу керектігін түсінді. Тіпті Қытай сарапшылары Ресей өз әрекетімен Батысты күшейтіп алғанын сынап жазады. Қытайдың да конфрантациясы бар. Олар жаһандық деңгейде дерусификация жүріп жатқанын да атап өткен екен. Өйткені қаншама мемлекет ендігәрі Ресейден іргесін аулақ салуға тырысады. Қытай оны да түсініп, түйсініп отыр. Иә, дипломатиялық және ресми деңгейде Қытай Ресеймен серіктес, көрші, дос екенін айтатын шығар, шын мәнінде Қытай бәрімен солай сөйлеседі (күлді). Алайда прагматизм тұрғысынан Қытай бәрібір арақашықтықты сақтайды. Сонымен қатар көрші елінің экономикалық және әскери тұрғыдан әлсірегенін айқын түсіне отырып, Ресейге қысымды күшейте береді. Себебі Қытай үшін Ресейге белгілі бір шарттарды таңа алатындай жағдай туындап келеді. 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!