Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Билікке жақпайтындар аккредитациядан қағылады". Тәуелсіз бақылаушылар билік ұсынған өзгеріске қарсы

Қазақстан билігінің "Сайлау туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізу ұсынысы дауыс беру барысын тәуелсіз бақылайтындар мен қоғамдық ұйымдардың қарсылығына тап болды. Көпшілік талқысына шығарылған заң жобасына сай, тәуелсіз бақылаушыларға аккредитация беру тәртібін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) шешеді және бақылаушы ұйымдар банк шоттары сынды заңмен қорғалған құпия деректерін ашуға келісім беруі тиіс. Сарапшылар бұл өзгерістер сайлауды әділ әрі ашық болдырмаудың амалындай көреді деп жазады Рaryz.kz azattyq.org сілтеме жасап.

"Билікке жақпайтындар аккредитациядан қағылады". Тәуелсіз бақылаушылар билік ұсынған өзгеріске қарсы
Парламент сайлауы кезінде сайлау учаскесіндегі бақылаушыларға арналған орын бос тұр. Шалқар ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.

Осыған дейін бірнеше сайлауда тәуелсіз бақылаушы болған алматылық Данияр Супиев 24 шілдеде қала орталығына "Бақылаушы жүйені өзгертеді" деген плакат ұстап шығып, сайлау туралы конституциялық заңға бақылаушы құқын шектейтін өзгеріс енгізуге қарсылық білдірді. Оның пикеті ұзаққа созылмады, полиция әдеттегідей бейбіт түрде ойын айтуға келген азаматты бөлімшеге алып кетті. Ал 25 шілдеде әкімшілік сот Супиевке "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен 50 АЕК (153 150 теңге немесе шамамен 325 АҚШ доллары) айыппұл салды.

Алматы тұрғыны Данияр Супиев "Сайлау туралы" заңға бақылаушы құқын шектейтін түзетулер енгізуге қарсылық білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. 24 шілде 2022 жыл. Фото авторы - Әйгерім Тілеубаева.

Алматы тұрғыны Данияр Супиев "Сайлау туралы" заңға бақылаушы құқын шектейтін түзетулер енгізуге қарсылық білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. 24 шілде 2022 жыл. Фото авторы - Әйгерім Тілеубаева.

2019 және 2021 жылдары елде өткен президент және парламент сайлауларын бақылаған Супиев айыппұлмен келіспейді әрі "тәуелсіз бақылаушылар сайлаудың әділ әрі ашық өтуінің кепілі" дейді. Ол билік қазір түрлі сылтаумен тәуелсіз бақылаушыларды учаскелерге кіргізбеудің амалын жасап жатыр деп санайды.

ДАУ ТУДЫРҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫНДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында 8 шілдеде "Сайлау туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізу жөніндегі заң жобасы жарияланып, 20 күнге қоғам талқысына шығарылды. Қазір порталда бұл құжат тураы 200-ге жуық пікір жазылған, басым көпшілігі заңға енгізуге ұсынылған өзгерістерге қарсы. Ол өзгерістер мыналар:

  • Сайлауды бақылауға қатысу үшін аккредитациялау тәртібін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) айқындайды.
  • Қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар аккредитация алу үшін банктегі және заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпаратты ашуға келісім береді.
  • Қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бірлестіктер, шетелдік мемлекеттік органдар, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар тарапынан қаржы алуы аккредитация бермеуге негіз бола алады.

Порталда талқыға пікір жазғандардың басым бөлігі "аккредитация туралы бөлімді алып тастауды", "тәуелсіз бақылаушылар құқығын шектемеуді" талап етіп жатыр.

Азаттық тілшісі қоғамда қызу пікірталас туғызған өзгерістер туралы түсініктеме алу үшін құжат авторы әділет министрлігіне хабарласқанымен, әлі жауап келмеді. Баспасөз қызметі 21 шілдеден бері "жауап дайындап жатқанын" айтумен келеді.

Дегенмен порталда бұл өзгерістерді алып тастауды талап еткен қарсы пікірлерге бір ғана жауап қайталанып жазылып жатыр. Онда шетелден қаржыландыру нормалары елдегі сайлауға шетелден ықпал болмас үшін жасалған деп түсіндірілген.

"ЗАҢ ОСК МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ"

Бұл ұсыныстарға осыған дейінгі сайлауларды, референдумды бақылап келген тәуелсіз бақылаушылар да қарсы болып отыр. Мәселен, "Тәуелсіз бақылаушылар" (2019 жылы президент сайлауын бақылаған бір топ бақылаушы құрған ұйым) бірлестігінің жетекшісі Арайлым Назарова аккредитацияны ОСК реттесе, "билікке жақпайтын ұйымдар аккредитациядан қағылады" деп санайды.

– Үш жылдан бері азаматтық қоғам тәуелсіз бақылаушы болып қалыптасып, ояна бастап, енді-енді жанданып келе жатқанда билік осы құжат арқылы бұл қозғалысты аяғынан тұрмай жатып көміп тастамақ. Мысалы, заң – мемлекет, ОСК сынды ұйымдастырушыға да, үміткерлерге де, дауыс берушілерге де, бақылаушыларға да тең құқық беретін, бәрінің мүддесін бірдей қорғайтын құжат болуы керек. Ал бұл заң жобасы тек ұйымдастырушының – ОСК-ның мүддесін қорғайды. Біз мұндай заңмен демократиялы мемлекет бола алмаймыз. Сайлау – халықтың дауыс беріп, бақылау арқылы саяси процесске тікелей араласа алатын жалғыз құралы. Бұл құжат осы күйінде қабылданса халық осы жалғыз мүмкіндіктен де айырылып қалмақ. Сондықтан мейлінше талқылап, бұл өзгерістерді алып тастауға әрекет ету керек, – дейді ол.

Назарова билік аккредитация мәселесін емес дауыс санау процессін өзгертуі керек еді деп санайды.

– Біздің заңда "қандай жағдайда сайлау өтпеді деп есептелінеді" деген бап жоқ. Сайлау учаскесінде қандай да бір заң бұзу болса сайлау нәтижесінің күші жойылады деген өзгерістер керек еді. Мысалы, "Бәріне қарсымын" деген графаны қосқаннан кейін "егер халықтың 51 пайызы бәріне қарсы болса" қайта сайлау өтеді" деген өзгерістер енгізу қажет, – дейді бақылаушы.

Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум кезінде дауыс беру учаскесінде отырған бақылаушылар. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум кезінде дауыс беру учаскесінде отырған бақылаушылар. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

Биыл Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдумды бақылаған "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының координаторы болған тәуелсіз бақылаушы Ғалымжан Оразымбет билік осы ұсыныс арқылы әділ сайлау өткізуге мүдделі емес екенін көрсетті деп есептейді.

– Билік қандай қысыммен болса да тәуелсіз бақылаушыларды учаскеге кіргізсе, сайлау барысы әшкере болатынын біліп, енді оларды мүлдем кіргізбеуді көздеп отыр. Бұл – "сайлауды біз әділ өткізгіміз келмейді, бұрмалағымыз келеді, қалаған қорытындыны жазып алғымыз келеді, соған кедергі болатын, куә болатын адамдардың болғанын қаламаймыз" деген қадам, – дейді сарапшы.

Ғалымжан Оразымбет заң жобасындағы "халықаралық ұйымдардан, шетелдік ұйымдардан қаржы алатын бақылаушыларға аккредитация берілмеуі мүмкін" деген тұс та бұлынғыр жазылған деп есептейді.

– Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) шетелден қаржы алған кезде өздері барып іздемейді. Қаржы берушілердің барлығы Қазақстанда тіркеліп, мемлекеттік органнан қызмет етуге рұқсат алады. Яғни, сен еліңе кіргізіп, рұқсат бердің бе, демек оның жұмысын заңды деп таныдың. Ал енді неге мына құжат арқылы оның ісін, қаржысын заңсыз деп танымақсың? Екіншіден, ҮЕҰ неге шетелден қаржы алады? Себебі ҮЕҰ-дар жұмыс істейтін адам құқығы, тәуелсіз бақылау мен инклюзия сияқты жобаларды мемлекет көбіне қаржыландырмайды. Сондықтан осындай зерттеулер шетелдік гранттар арқылы жүргізіледі, – дейді Оразымбет.

"ШЕТЕЛДЕН ҚАРЖЫ АЛҒАНДАРДЫ ШЕТЕЛ АГЕНТІ ҚЫЛУ ОҢАЙ"

Ал "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры жетекшісі Елена Швецова заң жобасын [Ресейдегідей] "шетелдік агенттер" туралы заңға бастайтын құжат деп бағалайды.

– Бұған дейін "шетелден қаржыландыру" деген еш жерде болмаған. Бірақ біз Ресейде халықаралық гранттарды алған ұйымдарды "шетел агенті" деп танып, қудалағанын көрдік. Шетелден қаржы алғандарды шетел агенті ету оңай. Бізде ондайдың болғанын қаламас едік. Бақылаушылар жұмысын шектейтін бұл жоба ЕҚЫҰ-ның адам құқығын, сайлау құқығын сақтау жайлы Копенгаген келісіміне қайшы, – дейді Швецова.

2015 жылдан бері азаматтарға құқықтық білім беріп, құқығы мен бостандығын қорғап, саяси процесстерді бақылап жүрген "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры шетелдік гранттардың арқасында жұмыс істеп келе жатыр. Ұйым өкілі шетелден алатын қаржылары сайлау нәтижесіне әсер етпейтінін, ұйым шығынына кететінін айтады.

– Грант қаржысын кеңсені жалға алу, аймақтардағы шаралардың шығынына, қызметкерлер айлығын, жекелеген тренингтерге шақыртылатын сарапшылардың еңбегін төлеуге жұмсаймыз. Біз шетелдік қорлармен, елшіліктер, университеттермен жұмыс істейміз. Биліктен қаржы алмаймыз, себебі саяси бағытта жұмыс жасағандықтан биліктен қандай да бір манипуляция болғанын қаламаймыз, – дейді қор жетекшісі Елена Швецова.

Тәуелсіз бақылаушылар референдум күні қысым көргенін айтады (6 маусым 2022 ж.)

Тәуелсіз бақылаушылар референдум күні қысым көргеніне шағымданды

25 шілдеде сайлауда тәуелсіз бақылаумен айналысатын бірнеше қоғамдық ұйым бірігіп, мәлімдеме жасады. Олар заң жобасы Конституцияға, мемлекеттік істерді басқару құқығын жүзеге асыру саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін айтып, жобаны парламентке түскенге дейін мұқият зерделеуді және кең көлемді қоғам талқысынан өткізуді талап етеді.

Тәуелсіз бақылаушылар биліктен заң жобасындағы ұйымдарды аккредитациялау тәртібі жайлы нормаларды алып тастап, құжаттың халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жасау үшін Еуропалық комиссияға жіберуді де сұрайды.

Қазақстандағы сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар құқығы жиі бұзылатыны байқалған. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау не референдум учаскелеріндегі комиссия мүшелері мен билікшіл бақылаушылар қысымға алады, дауыс санау процесінен шеттетеді, мөр қойылған сайлау хаттамасын бермейді деп мәлімдеген. "Еркіндік қанаты" ұйымының мәліметінше, Қазқстанның жаңа тарихында сотқа жүгінген тәуелсіз бақылаушының жеңген кезі сирек.

Қазақстандағы сайлауларды бақылап келе жатқан ЕҚЫҰ елдегі сайлау науқандарының барлығын "демократиялық талаптарға сай емес" деп бағалаған. Ұйым Қазақстанда сайлау кезінде бақылаушыларға кедергі жасалатынын бірнеше рет айтқан.