Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Мемлекеттік сайттар мемлекеттік тілді менсінбей ме?

Қазақстанда 18 министрлік жұмыс атқарады. Бәрінің ресми сайтын бір сүзіп шығайық...

Мемлекеттік сайттар мемлекеттік тілді менсінбей ме?
фото: дереккөз

"Алла мықты жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып әлі жатыр.

Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,

Кім жығары белгісіз түбінде ақыр" деген жұмбақ бар. Хакім Абай мұның шешуін: "қыс пен жаз, күн мен түн, тақ пен жұп, жақсылық пен жамандық" деп тарқатады. Еркімізге салса, бұл тізімге қазақ тілі мен мен орыс тілін қосып, "батырлар" санын онға жеткізіп дөңгелектер едік. Өйткені, осы екі тіл әлі күнге дейін итжығыс түсіп келеді. Неге екені сізге жұмбақ па? Бізге – жұмбақ. Негізі, қайсы мықты болса да, қазақ тілінің конституциялық мәртебесін ескеруіміз керек еді. Бірақ кейбір мемлекеттік органдардың ресми сайттары заңды елемейді екен.

Қазақстанда 18 министрлік жұмыс атқарады. Бәрінің ресми сайтын бір сүзіп шығайық.

18 министрліктің тек бесеуінің домені қазақ тілінде жасалған:

Әділет министрлігі (adilet.gov.kz), Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (qogam.gov.kz), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (enbek.gov.kz), Денсаулық сақтау министрлігі (dsm.gov.kz), Ішкі істер министрлігі (qriim. gov.kz).

11 сайт халықаралық стандартқа сай ағылшын тілінде жазылған:

Білім және ғылым министрлігі (edu.gov.kz – Ministry of Education and Science), Қорғаныс министрлігі (mod.gov.kz – Ministry of Defense), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (mdai.gov.kz – Ministry of digital development, innovations and aerospace industry), Сыртқы істер министрлігі (mfa.kz – Ministry of Foreign Affairs), Ұлттық экономика министрі (economy.gov.kz – Ministry of National Economy of RK), Энергетика министрлігі (energo.gov.kz – Ministry of Energy), Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (miid.gov.kz – Ministry of industry and infrastructural development), Ауыл шаруашылығы министрлігі (moa.gov.kz – Ministry of Agriculture of the Kazakhstan Ministry of Agriculture), Сауда және интеграция министрлігі (mti.gov.kz – Ministry of Trade and Integration), Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (ecogeo.gov.kz – Ministry of ecology, geology and natural resources), Төтенше жағдайлар министрлігі (emer.gov.kz – Ministry for Emergency Situations).

Қалған екеуі орыс тілінде:

Қаржы министрлігі (minfin.gov.kz – Министерство финансов) мен Мәдениет және спорт министрлігі (mcs.gov.kz – Министерство культуры и спорта).

Бірақ ресми сайтының доменін орысша жасаған мемлекеттік органдар мұнымен шектелмейді:

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (knb.gov.kz – Комитет национальной безопасности), Жоғарғы сот (sud.gov.kz – Верховный суд), Президенттің іс басқармасы (udp-rk.kz – Управление делами Президента), Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (enpf.kz – Единый накопительный пенсионный фонд); Қаржы мониторингі коми­теті (kfm.gov.kz – Комитет по финансовому мониторингу). Міне, осы мекемелер орыс тілінің ықпалынан шығуға асықпайтын сияқты.

Бас прокуратура (prokuror.gov.kz) ресми доменін бейтарап қылса, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (anticorruption.gov.kz) мен Ұлттық банктің (nationalbank.kz – National bank of Kazakhstan) сайт атауы ағылшын тіліне негізделген.

Сонымен қатар Қазақстандағы 16 облыстың екеуі орыстілді доменді пайдаланып келеді. Олар– Қарағанды облысы әкімдігі (karaganda.gov.kz) және ШҚО әкімдігі (akimvko.gov.kz).

Шенеуніктер бұдан дабыл қағатындай мәселе көрмейтін шығар. Алайда бір нәрсе анық: кішкентай ғана доменнің өзі – қазақ тілінің ресми мәртебесін білдіретін үлкен мысал.

Тағы бір мәселе бар. Интернет-ресурстың көбінде алдымен орыс тіліндегі ақпарат жарияланады. Қазақшасы кем дегенде 1-2 сағаттан кейін бір-ақ шығады. Оның өзі әлгі орысша мәтіннің шалағай аудармасы екенін аңғару қиын емес. Мұны Президенттің ресми сайтынан бастап облыстық, қалалық әкімдіктердің сайтынан байқаймыз. Әйтеуір орыс тілінің ахуалына қатты алаңдайтын шенеуніктер қазақ тіліне салғырт қарайтын әдеттен арылмай қойды.

Әрбір мемлекеттік мекеме бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті. Біз Қазақстан азаматтары ретінде әрі қазақтілді газет ретінде бұл кемшіліктердің түзетілуін талап етуге толық құқылымыз!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы Жолдауында: "Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде елімізді "Қазақ мемлекеті" деп атайтын боламыз" деген. Содан бері табаны күректей сегіз жыл өтті. Осы тұрғыдан алғанда қазір "Қазақ мемлекеті" деген атауға лайықпыз ба?

Еркебұлан НҰРЕКЕШ