Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

ЕҚЫҰ басшысы Қазақстандағы саяси реформалардың ауқымы зор екенін атап өтті

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Польша Республикасының Сыртқы істер министрі Збигнев Рау мәлімдеді.

ЕҚЫҰ басшысы Қазақстандағы саяси реформалардың ауқымы зор екенін атап өтті
Фото Мәжілістің Баспасөз қызметінен

З.Рау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық реформаларын іске асыру нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейетінін атап өтті.

Қазақстанды ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруда біздің Ұйым мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің барлық ресурсы пен тәжірибесін толық пайдалануға шақырғымыз келеді, – деді ЕҚЫҰ төрағасы.

Збигнев Рау Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның қайта сайланған төрағасы ретінде өңірмен танысуға арналған сапары аясында арнайы келді. Сонымен қатар оның Өзбекстан мен Монғолияға да сапары жоспарлануда.

Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ төрағасының сапары Қазақстан үшін маңызды саяси оқиға – референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Мәжіліс Спикері мұны Мемлекет басшысының реформалары мен жалпыхалықтық референдумды қолдауының дәлелі деп санайды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара іс-әрекетінің, Қазақстан-Польша екіжақты қатынастарының, соның ішінде екі ел парламенттері арасындағы байланыстың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.

З.Рау өткен ғасырдың 30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған ондаған мың поляктарға қолдау көрсетіп, пана болғаны үшін қазақ халқына алғысын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанда тұратын этникалық поляктардың төл мәдениеті мен тілін үйренуіне барлық жағдай жасалғаны үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісті.

 

Дереккөз: Мәжілістің Баспасөз қызметі