Прямая трансляция

Астана

Астана

14°C

Қазақстанда Түркия дронының жасалуы әскерді күшейте ме - сарапшы пікірі

Түркияның ANKA әскери дрон технологиясын алып, зауыт ашсақ біздің қорғанысымыз күшейіп кетпейді. Әскери журналист Амангелді Құрмет «Сұрауы бар» Youtube арнасына сұхбат беріп, осындай пікір білдірді.

«Түркия қазір әскери технология трансфертіне ақша құйып, сыртқы нарыққа шығатындай деңгейге жетіп қалды. Сол себепті олар міндетті түрде потенциалды нарыққа ұмтылады. Ал ANKA-ны алсақ біздің қорғанысымыз күшейіп кетеді деген көзқарастан аулақ болу керек. Бірақ әрине, ANKA-ның көлемі «Байрактан» үлкен, ұзындығы 2,5 метр. Құлашы жағынан 6 метрдей. Кемінде 150 келі жүкті көтереді.», - дейді Амангелді Құрмет.

«Әскердің күшін дрондарды бірінен бірі күштілігімен емес, әртүрлі деңгейдегі дрондардың бір-бірімен үйлесімді жұмысы негізінде ғана бағалай аламыз. Жеке дара BAYRAKTAR да, Harop та, Predator да, MQ 9, MQ 1, Oreon да ештеме істей алмайды. Кешенді қарау керек», - деп түсіндірді маман.

Дрон жасауға келісім болғанымен өндіріс 5 жылда, жылдам жүзеге асқанның өзінде 1 жылдан кейін іске қосылуы мүмкін. Жалпы, Түркия мен Қазақстан арасында әскери қару-жарақ саудасы бойынша келісім жасалып жатқандығы жөнінде ақпар 2018 жылы тараған.

«2018 жылы ANKA дрондарын жасап жатқан компаниямен Қазақстан меморандум жасады деген ақпарат түрік медиа құралдарында шыққан. Бірақ біздің тарап бұл ақпарды вакуумда ұстап отырды. 2020-2021 жылдары тіпті 80 млн долларға 6 кешенді алады деген де әңгіме айтылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігіне сұрау да салдық. Түрлі сылтаулармен жауап берілмеді. Шамасы Қазақстан билігі Анкарамен жасалып жатқан келісімдердің біреудің көзіне түсіп кетуін қаламаған сияқты», - дейді Амангелді Құрмет. 

Еске салсақ, апта басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға іс-сапармен барып, барлығы 14 келісімге қол қойып қайтқан. Соның бірі әскери техника жасау бойынша меморандум. Turkish Aerospace Industries пен Kazakhstan Engineering компаниясы бірігіп, Қазақстанда қашықтықтан басқарылатын ANKA дорндарын шығаратын зауыт ашуы тиіс.