Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

АҚШ билігіне Байден келсе, Қазақстанға мұнай нарығынан пайда болмауы мүмкін

Бұл бір локдауннан нокдаун алып, енді екіншісіне кірейін деп отырған Қазақстан үшін ауыр соққы болып тиеді. Бір сөзбен айтқанда, Джо Байден – теңгені бір теуіп құлата алатын саясаткер.

АҚШ билігіне Байден келсе, Қазақстанға мұнай нарығынан пайда болмауы мүмкін
фото: euronews.com

Джо Байден АҚШ президенті болып сайланса, Америка ақырындап мұнайдан кететін болады. Демократиялық партияның кандидаты билікке келе қалса, 4 жылдың ішінде жасыл энергетикаға 2 триллион доллар жұмсамақ, деп жазды nege.kz, Bloomberg-ге сілтеме жасап.

АҚШ – президенттер өз сайлауалды уәделерін орындайтын мемлекет. Джо Байден онымен бірге сланц мұнайын өндіретін компанияларға беріліп жатқан субсидияларды тоқтатпақ. Бұл жалпы АҚШ-тағы мұнай индустриясына соққы болып тиеді, онымен бірге жел энергетикасы екпінді дамуға көшеді.

АҚШ нарықтан кете бастаса, әлемдегі мұнай нарығында тағы да бағалар құлдырауы басталуы мүмкін. Бұл бір локдауннан нокдаун алып, енді екіншісіне кірейін деп отырған Қазақстан үшін ауыр соққы болып тиеді. Бір сөзбен айтқанда, Джо Байден – теңгені бір теуіп құлата алатын саясаткер. "Мұнай трейдерлері Байденнің жеңіске жетуінен қорқып отыр", - дейді EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.

Нарық жағдайдың қалай өрбитіндігі беймәлім болғандықтан, уақытша қатып қалды. Инвесторлар әліптің артын бағып отыр. Нарық құлдырағанда ең өсетін зат – қорғаныс активі. Әлемде қорғаныс активі – алтын емес, доллар. Доллар индексі 92-94 тармаққа көтерілді және бұл бізге де әсер етпей қоймайды. Себебі доллар өз құнына шаққанда, өзімен-өзі қымбаттай бастайды. Ал бұл ұлттық валютамыздың арзандауына алып келеді. Теңгеге әрқашан үш негізгі фактор әсер етеді: ол – мұнай бағасы, Ресейдегі рубль бағамы және доллар индексі. Қазір, өкінішке қарай, осы үш фактор да бізге қарсы болып отыр.

"Әңгіме Джо Байденнің жеке басында емес. Әңгіме тұрақсыздықта", - дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Инвесторлар да, брокерлер де Трамптың әр қимылын жаттап алған және оның қай жағдайда қандай шешім қабылдарын болжай алады. Ал Байден – Джокер сияқты. Билікке келе қалса, қандай шешім қабылдауы мүмкін? Әзірге түсініксіз. Инвесторлар осындай түсініксіз кезеңдерден қорқады және кез келген түсініксіз жағдайда акциялардан кетіп, доллар ала бастайды. Ал егер Байден "Мұнай АҚШ-қа керек жоқ" десе, биржадағы шикізат фьючерстері бір мезетте құлайды.

Қазақстанға да бұл жағдайда доллар керек. Қазан айының басында алтын-валюта қорымызда 33,8 миллиард доллар жатқан болатын. Қор көлемінің бір айда 3,1 пайызға қысқарғанын ескерсек, осы қысқаруларды тоқтата тұру керек.