Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

Adal партиясы Amanat-қа қосылады

Adal партиясының саяси кеңесі Amanat (бұрынғы Nur Otan) партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев мұндай шешім партияластардың арасында бірауыздан қабылданғанын жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап. 

Adal партиясы Amanat-қа қосылады
Сурет: Halyk-uni.kz

«Қазір бүкіл әлем жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Аумалы-төкпелі кезең бәрімізден жылдам бейімделуді қажет етеді. Украина-Ресей қақтығысы мен одан кейінгі геосаяси текетірес, Еуропа территориясындағы гуманитарлық катаклизмдер қазірдің өзінде доллардың өсуіне, логистикалық дәліздерді қайта құрылымдауға, энергия тасымалдаушылардың рөлін қайта қарауға алып келді. Ресейге қолданылған қатаң санкциялар біздің елге де тікелей әсер етіп жатыр. Өкінішке орай, қақтығыстың салдары халықтың табысының төмендеуіне әкеліп соғады», - деді партия хатшысы.

Adal партиясының саяси кеңесінің шешімін жариялаған Жұмағазиев «Кез келген өзгерісте сабырлы қалпымен салмақты шешім қабылдайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі бізге ұнайды» дегенді айтып, бұл шешімге партия жанашырлары қолдау білдіретіне үмітті екенін жеткізді.

Атап өтсек, 2020 жылы бұрынғы «Бірлік» партиясының атауы Adal партиясы болып өзгерді. Сондай-ақ партия саяси кеңесінің құрамына 9 адам енді. Олар: Элдар Жұмағазиев, Алмасбек Садырбаев, Лаура Маликова, Олжас Ордабаев, Ардақ Назаров, Мақсат Толықбай, Дәулет Мұкаев, Игорь Шацкий және Мұрат Қожамқұлов.