Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қазақстанның Ресейден жер даулауына толық негізі бар – тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы

Путин өз тарихын бұрмалап соғыс ашып отыр дейді ғалым, деп хабарлайды Paryz.kz.

Бұл туралы белгілі тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы Qasqa Jol Youtube  арнасының «Ресей Қазақстанға соғыс аша ма» атты бағдарламасында айтты. Негізінен хабарға Ресей-Украина соғысынан біздің еліміздің алар сабақтары арқау болған. 

«Егер саясаттанбаған шынайы тарихқа сүйенсек, кешегі Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің – бүгінгі Тәуелсіз мемлекеттердің жер дауы болса, онда Қазақстанның Ресейден жер даулауына толық тарихи да, саяси да негізі бар», - дейді тарихшы. 

Бұған дәлел ретінде ғалым ХХ ғасырдың басындағы фактілерді келтіреді. 

«1917 жылғы 12 желтоқсандағы екінші жалпы қазақ құрылтайында Қазақ хандығының үйіндісі үстінен, соның жер аумағында Алаш ұлттық автономиясы құрылсын деп қаулы қабылдағанда сондағы автономияның жер көлемі 3,4 млн шаршы шақырым болатын. 1920 жылдың тамызында Кеңес Одағы орнап, Алашорда мен Кеңес Одағы басшылары бірнеше ай бойы келіссөз жүргізгенде қазақ ата-бабадан қалған шамамен 0,7 млн шақырым жерінен айырылды», - дейді С. Аққұлұлы. 

«Ол қандай жерлер десек, 1920 жылға дейін Ақмола облысының құрамына кірген Омбы облысы, Алтай өңіріне қарасты Барнаул, Бийскі және Змеиногорскі ояздары. Ал Орынбор қаласының өзі орыс казактарының жері екені рас. Бірақ айналасының бәрі қазақтың ежелден келе жатқан ата қонысы. 1924 жылы Орынбор облысын Қазақстаннан бөліп алған кезде үш жыл бойына біздің жеріміз бен Башқұрстан, Татарстанның шектесетін аумағын Кеңес Одағы бізден жалға алған», - деп дерек келтірді ол. 

Сұлтанхан Аққұлұлы Ресейден бөлек, Өзбекстанға өтіп кеткен аумақтар туралы да сөз қозғады. 

«Одан кейін Қазақ автономиясының құрамында болған Қарақалпақ автономиясы 1930 жылы Ресейдің құрамына кірді де, 1936 жылы Өзбекстанға берілді. Ал 60 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының 4 ауданы беріліп, билік басына қайтып Димаш Қонаев келген соң, екі аудан қайтарылып алынды. Жалға берілді деп есептелген сол екеуі 92 жылы қайтарылуы керек еді», - деді ғалым. 

«Бұл айтылғандардан шығатын  қорытынды - 1994 жылғы Украина мен Қазақстанның егемендігіне кепілдік беретін Будапешт келісімі мен 1991 жылғы жер дауламау туралы Алматы декларациясын ысырып қойсақ, онда біздің дауласуға толық тарихи негізіміз бар. Бірақ бұл дауласайық деген сөз емес, тек тарихи факт.  Алайда жоғарыда аталған  келісімдерді Ресейдің өзі көрші елдерге соғыс ашып, бұзып жатқанын көріп отырмыз. Владимир Путин өз тарихын бұрмалап «Ресей Кеңес одағы құрамындағы елдерге жер сыйға тартты» дейді. Ресей ешкімге жер сыйға тартқан жоқ. Керісінше, кезінде Беларусь басшысы Александр Лукашенконың айтқанындай Ресей шын тарихқа сүйенер болса, Батыс Сібір мен Қиыр Шығысты түгел Қазақстанға беріп қоюы керек еді. Бұл сөзді мен емес, славян ұлттарының бірінің басшысы Лукашенко айтқан»,- дейді тарихшы.