Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Павлодардағы балық өсірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын жабылып қала ма (ВИДЕО)?

"Менде бос жатқан жер жоқ. Жергілікті билік даудың басталғанына біраз болғанын мойындайды".  

Павлодардағы балық өсірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын жабылып қала ма (ВИДЕО)?
Фото: ашық дереккөз

Павлодарда балық өсірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Өйткені, Ақсу қаласының әкімдігі жерді қайтаруды талап еткен. Кәсіптен нәсіп тауып отырған кәсіпкер арнамыздан араша сұрады деп хабарлады "Астана" телеарнасы. 

Александр Веретенниковтің балық шаруашылығымен айналысқанына 12 жылдан асқан. Балық өсіріп, оны сатуды кәсіп етеді.

Бұл - аймақтағы балық өсірумен айналысатын жалғыз шаруашылық. Мұнда балықтың 2 түрі өсіріледі. Биыл тоғандарға 500-ге жуық балық жіберіліпті. Шаруа соңғы кезде кәсіптен де береке қашқанына алаңдаулы. Жергілікті әкімдік жерді мақсатсыз пайдаландың деп, оны қайтаруды талап еткен. Ақыры сотқа беріп, жердің жалға алу құқығын 5 жылға ұзартып алыпты. Бірақ мұнымен мәселе бітпеген.

"Мен бұл жерлерді өңдеуге 500 миллион теңгедей қаржымды жұмсадым. Бос жатқан жерге тоғандар жасап, су жүргіздім, балық өсірдім. Сондықтан әкімдіктің маған жерді дұрыс пайдаланбады деуі – қисынсыз. Менде бос жатқан жер жоқ. Жергілікті билік даудың басталғанына біраз болғанын мойындайды. Олар кәсіпкер жерді балық өсірем деп алып, мал ұстауға пайдаланып отыр деді", - дейді кәсіпкер Александр Веретенников. 

"Азамат Веретенниковтің балық шауашылығына арналған территориясына заңсыз мал қорасы салынған бетоннан. Оған ешқандай рұқсат алу қағаздары жоқ. Бұл құрылыстың техникалық құжаттары да болмай шықты", - дейді Ақсу қаласы әкімдігінің бөлім басшысы Асқар Астаев.   

"Шабындық жерлер 4 жылға беріледі. Көп болса, 5 жылға. Сондықтан жаңағы шабындық жерлер нысаналы мақсатына игерілмегендіктен, бас тартылып тұр. Дегенмен тартыс әзір бітпейтін секілді. Әкімдік әлі де тексеріс жүргізетіндерін айтты. Ал кәсіпкер мұнымен іс тоқтамайтын болса, тағы да сотқа жүгінуге шешім қабылдап отыр", - дейді Ақсу қалалық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Серік Қасенов.