Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтан жасыратын құпия болмайды»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық арнаға берген сұхбатында шетелдік сарапшылардың айтқан болжамына қатысты, сондай-ақ «үтік басу» фактілері, әлеуметтік желіде тараған азаптау фактілері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz, Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтан жасыратын құпия болмайды»
Сурет: baq.kz

Бұл - Ресейдің барлау қызметінің көзқарасы. Мүмкін ол рас та шығар. Өйткені олар біздің еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап отырады. Қалай десек те арнайы жасақталған қарулы бандалар билікті басып алғысы келді. Сондықтан шетелдік сарапшылар айтқан сондай пікірдің жаны бар. Дегенмен барлығын байыппен қарап, салмақты баға беру қажет. Бізге керегі асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес. Міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізуіміз қажет. Бұл менің алдымда тұрған мақсатым, - деді Мемлекет басшысы.


Кейбір адамдар қамауда отырғандар жазықсыз деп ойлайды, бұл елге тағы бір қауіп төндіру - Қасым-Жомарт Тоқаев 


Бұзақылар туралы мәселеге келсек, кейбір адамдар жазықсыздарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек: олардың ішінде лаңкестер де, қылмыс жасаған азаматтар да бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды.  Бірақ қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді?, - деді сұхбатында Қ.Тоқаев.


Президент «үтік басу» фактілері туралы да айтты.


 Бұл мәселе туралы жақсы білемін. Кейбір азаматтар менің атымнан бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желіде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар жұмысына да кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар Айман Омарова бар, Жеңіс Тұрмағанбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссия құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Оларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, қақымыз да жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қасым-Жомарт Тоқаев айтуынша, халықты мазалап отырған сұрақтарға көп ұзамай жауап беріледі, халықтан жасыратын құпия болмайды.


Қазір өте ауқымды тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бас прокаратура ақпаратты жүйелі түрде таратып жатыр. Қандай да бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Бұл өте күрделі жұмыс. Көп ұзамай халықты мазалап отырған сұрақтарға жауап беріледі. Халықтан жасыратын ешқандай сыр болмайды, - деді Президент.