Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Қаңтар оқиғасы": Тергеу изоляторларында прокурорлардың қабылдауы өтіп жатыр

Бүгінгі өткен мәжіліс отырысында қаңтардағы тәртіпсіздіктерге кінәлі деп ұсталғандардың шамадан тыс азапталып жатқаны жайында көп шағым түскені айтылды, деп хабарлайды Paryz.kzStan.kz-ке сілтеме жасап. 

"Қаңтар оқиғасы": Тергеу изоляторларында прокурорлардың қабылдауы өтіп жатыр
Сурет: azattyq.org

Жағдайдың ушыққаны сонша, шетелдің құқық қорғау ұйымдары біздің мемлекеттік органдарға азаптау туралы мәлімдемелерді мұқият тексеруге және адам құқықтарының бұзылуын тоқтатуға шақырды, - деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі өкіліне сауал қойған депутат ведомстволар "зардап шеккендердің құқықтарын қалай қамтамасыз етпек? ІІМ адам құқықтарын бұзу фактілерін қалай жоймақ? Заң бұзған полицейлер қандай жазаға тартылады және келген зиян қалай толтырылмақ?" деген сауалдар қойды.

Бұл сұраққа жауап берген Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев тергеу кезіндегі заңсыз тәсілдерге қатысты 250 арыз түскенін айтты.

Олар бойынша біз 133 қылмыстық іс қозғадық. Бұл істер прокурорлардың қатаң бақылауына алынды. Әр іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалған, - деді Шындалиев мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда бас прокурордың орынбасары тергеуге қатысты қабылданған заңдарды еске салды. Оған сәйкес, тергеуші әрбір негізгі шешімін прокурормен келісуге міндетті.

Сондықтан бірде-бір іс прокурордың назарынан тыс қалмайды деп ойлаймын, - деді Шындалиев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде тергеу изоляторларында прокурорлардың қабылдауы да өтіп жатыр.

Бірінші күндері прокурорлар 96 адамды уақытша ұстау изоляторларынан босатты. Одан кейін біз ұсталған адамдардың отбасылық жағдайын, жасын және денсаулығын ескеріп басқа бұлтарпау шарасына ауыстыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесінде 92 адам тергеу изоляторларынан шығарылды, - деп атап өтті Шындалиев.

Ал ішкі істер министрлігінің өкілі абақтылардағы азаптау мен қатыгездікті жою мақсатында "полиция мекемелеріне жаппай камера орнатылып жатқанын" айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір 18 мыңнан астам мекемеге камера орнатылған.

Полицияның билікті асыра пайдалануы бойынша мәліметтерді прокурорлар қатаң тексереді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібі заңмен көзделген. Сот шешімімен іске асады, – деді министрлік өкілі.

Айта кетсек, қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Қазақстанда 227 адам көз жұмған болатын.