Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

300 млн доллар - Әлия Назарбаева елден шығарып үлгерген қаржы

Соңғы бір айда Әлия Назарбаеваға қатысты түрлі ақпараттар шығуда. Оның басым бөлігі Әлия Назарбаеваның түрлі қаржылық институттар мен кәсіп орындары арқылы есепсіз байлыққа қол жеткізуіне қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz, Abai.kz-ке сілтеме жасап.

300 млн доллар - Әлия Назарбаева елден шығарып үлгерген қаржы
Сурет: Abai.kz

Әлия Назарбаеваның аты утильалым мәселесінде жиі айтылуда. Утильалымды іске асырған «ӨКМ операторы» осы уақытқа дейін 600 млрд теңгеден астам пайда тапқан. Жиналған қаржының тек қана жетіден бір бөлігі экологияны жақсартуға жұмсалған. «ӨКМ операторы» мемлекетке салық төлеуден де қашқақтағаны анықталуда. Президент Тоқаев «ӨКМ операторының» жұмысын қатаң сынға алып, аталмыш құрылымды тоқтатуға қатысты тапсырма берген болатын. Қазіргі уақытта утильалыммен «Жасыл даму» компаниясы айналысады, алайда нақты ережесі мен талаптары әлі белгіленген жоқ. Осылайша бір ғана утильалымнан Әлия Назарбаева қыруар пайда тауып отырған.

«The Telegraph» қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін, Әлия Назарбаеваның елден 300 млн доллар қаржыны шығарғанын жазды. Басылымның жазуы бойынша, Әлия өзінің екі қаржылық кеңесшісіне  25 млн долларға «Challenger Bombardier» ұшағын, 11,9 миллион долларға Лондонның солтүстік шетінен зәулім үй сатып алуға, Дубайдан 14 миллион долларға вилла алуға және аты аталмаған Швейцариялық банктің 51% акциясын алуға тапсырма берілгенін айтады.

Бұл туралы «The Telegraph» қаржылық кеңесші Мәлік Ишмуратов пен Денис Когановичтың шағым құжаттарынан білген. Әлия Назарбаева бұған дейін оларды алаяқтық жасап, мүлкім иемденді деп айыптаған болатын. Ол екеуінен 233 миллион доллар талап еткен еді.

Назарбаеваның сөзінше, ол елден қаржыны шығаруды кеңесшілерінің ақылынан кейін іске асырған, себебі ол саяси тұлға болғандықтан, бұл қауіпт болуы мүмкін еді. Әлия бірқатар компаниядағы акцияларын сатып, қаржының біраз бөлігін офшорлық компанияларға шығарған деген болжам бар.

Әлия Назарбаева дизайнерлік алқалар жасап, «Damiani» брендін дамытып, бірнеше елде таныстырылым жасаған еді. Оның Алматы қаласында арнайы брендтелген киім дүкені, сән салоны, құрылыс компаниялары болған.

Күні кеше ғана Әлия Назарбаеваның «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ-ға делдалдық қызмет көрсететін «Instant Payments» ЖШС компаниясын құрғаны анықталды. Кәсіпорын пойыздарға билеттерді интернетте сату және ұлттық байланыс операторынан төлемдерді қабылдау жүйелеріне қызмет көрсетумен айналысады.

«Instant Payments» ҚТЖ, Қазақтелеком және пойыз билеттерін жинақтаушы компаниялардан алатын өзінің тұрақты комиссиясын белгіледі. Қазір ол 44,8 теңгені құрап отыр. Бірақ ақпан айынан бастап Әлия Назарбаеваның ЖШС оны 67 теңгеге дейін көтеруді жоспарлаған екен.

Әлия Назарбаева 2021 жылы «Күштің орны» атты кітап жазып, сатылымға шығарды. Ол өз кітабында отбасы, саясат және кәсіпкерлік жайлы айтады. Сонымен қатар қалай өмір сүруге керектігі жайлы да философиялық ой қозғайды.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Әлия Назарбаева өзінің Инстаграм парақшасында жазба жазып, артынша оны өшіріп тастаған болатын. Инстаграм жазбаның БАӘ жазылғанын көрсетті, алайда артынша ол өз парақшасын жауып тастады.