Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Қарғай салғаны дұрыс еді": Бекболат Тілеуханның "Боратқа" қарсы жасаған үндеуі "өтпей қалды" (ВИДЕО)

"Беканың локаторы халық алдында ұпай жинайтын сәтті сезе қояды. Әйтпесе, мына мәлімдемесінің қып-қызыл популизм екенін жақсы біледі ғой", - деді Тоқтар Жақаш.

"Қарғай салғаны дұрыс еді": Бекболат Тілеуханның "Боратқа" қарсы жасаған үндеуі "өтпей қалды" (ВИДЕО)
фото: facebook.com

Кейінгі кезде көп сыналып жүрген Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан "Борат 2" фильміне қатысты Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға қарата видеоүндеу жасады. "Масқарамызды шығарған киноға нота жолдасаңдаршы" дейді, субтитрдағы орысша сөзді қазақы акцентімен оқып шыққан ол. Осы орайда, журналист Тоқтар Жақаш өзінің Facebook-тегі парақшасына соған қатысты арнайы пост жаза қойды, деп хабарлады paryz.kz.

"Беканың локаторы халық алдында ұпай жинайтын сәтті сезе қояды. Әйтпесе, мына мәлімдемесінің қып-қызыл популизм екенін жақсы біледі ғой. Шетелдіктер мұны естісе, артын ашып күлетін шығар. Вот, боратизм! Мәлімдемеден соң серийный қарғысқа кірісетін шығар. Қараңғы фонда хормен айтылған қарғыс анағұрлым эффектно шығады. Артында әлгі мен айтқан оркестр тұр! Қарғысты да орысша дайындаған сияқты", - дейді Тоқтар Жақаш.

"Мен айтқан оркестрі" несі?" дерсіз... Бұл тақырып түсінікті болуы үшін әріптесіміздің ол жазбасына да тоқтала кетейік.

"Сәләфиттердің "құпия қаруын" икемді әрі өте тиімді пайдаланатын сәт туды! Бәрін "Астана-аренаға" жиып, хормен Боратты высокоточечно қарғатып жіберсе күшті боп кетеді. Бекболат высокий тенормен дауылдатса, Өркен Кенжебек нәзік иірімдерін сопраномен құйқылжыта демеп тұрады! Сырым Әуезхан шаңқобызда, Мұхамеджан асатаяқта ойнайды. Сонда, түріктердің "Байрақтары" әдірем қалып, Астанадан шыққан қарғыс торнадосы бір аптада Австралия жағалауын жайпап, Американың аңын шығарар еді. Нәтижесінде, Боратың жерге аунап, екбеттеп, кешірім сұрап еңіреп келмесе - маған кел! (Тіфә-тіфә! Мені қарғасаңдар, өз бастарыңа тисін!)" деп жазған-ды ол бұдан бұрын.

Соңғы жазбаға пікір қалдырған Алтынбек Төре атты азамат: "Боратты қарғай салғаны дұрыс еді ғой, популизммен айналыспай. Сайлау жақындағанда осылай мемлекетшіл бола қалады депуттаттарымыз", - десе, Асхат Шүленбай есімді желі қолданушы: "Көзбояушылық" деп бір-ақ қайырған. Ал Тоқтар Жақаштың өзі бұны: "Публикаға ойнау ғой. Бека жақсы актёр негізі", - деп отыр.