Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді": Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын у-шусыз тойлау керектігін еске салды

Сіздер шынайы патриотизмнің, жоғары кәсібилік пен жанқиярлық еңбектің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер.

"Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді": Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын у-шусыз тойлау керектігін еске салды
фото: ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыру салтанатында Тәуелсіздік мерейтойын у-шусыз әрі артық шығынсыз атап өту керектігін еске салды деп хабарлайды Paryz.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы біздің сан ғасырлық мемлекеттігіміздің тарихындағы айтулы белес, қазіргі Қазақстанның шежіресінде маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде еліміз елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, қиын сынақтарды еңсере отырып, үлкен жолдан өтті.

Президент атап өткендей, ел азаматтарының басым бөлігі өздерінің еңбегі арқылы қуатты әрі озық мемлекет құруға зор үлес қосуда.

Бүгін сіздерді марапаттай отырып, Қазақстанның гүлденуіне үлес қосқан азаматтардың барлығына алғысымызды білдіреміз. Сіздер шынайы патриотизмнің, жоғары кәсібилік пен жанқиярлық еңбектің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді. Бір жыл бұрын мен мерейтойды қарбалассыз әрі артық шығынсыз атап өту қажеттігін айтқан болатынмын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жаңа ауқымды реформалар басталды. Сондықтан биылғы жылды өнімді жыл деп есептеуге толық негіз бар. Біз экономика мен әлеуметтік саланы жаңғырту жолындамыз. Пандемияға қарамастан, мемлекет отандық бизнеске қолдау көрсетуде, - деді ол.

Мемлекет басшысы өз сөзінде экономика мен әлеуметтік саланың, оның ішінде өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, құрылыс индустриясының, қаржы секторының дамып келе жатқанын атап өтті.

Өңірлерде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Білім және денсаулық сақтау саласында кешенді қайта құру жалғасуда. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін зейнетақыларды, жәрдемақыларды және жалақыны тұрақты түрде арттыру арқылы орындайды.

Үлкен өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінде орын алды. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған 10 ұлттық жоба мақұлданды. Қоғамдық-саяси салада күрделі өзгерістер болып жатыр. Мен ұсынған саяси реформалар пакеті кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті,  –  деді Президент.

Сондай-ақ ол еліміздің аз ғана уақыт ішінде қуатты экономикасы бар мықты әрі беделді елге айналғанын айтты.

Мемлекет басшысы екі парламенттік алқа төрағаларына, Премьер-министр мен Мемлекеттік хатшыға Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің өңірлеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсыру туралы пәрмен берді.

Кез келген мемлекеттің табысты болуы оның азаматтарына байланысты. Бұл табиғи құбылыс. Қуатты адами капиталы бар мемлекет барлық қиындықтарды жеңе алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз ынтымақ пен отаншылдық үлгісін танытты. "Еңбек түбі береке" деп бекер айтпайды. Біздің бүгінгі жетістіктеріміз барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі екені сөзсіз. Көптеген азаматтарымыз жаңа Қазақстанның дамуына зор үлестерін қосты. Осы атаулы күні еліміздің барлық азаматтарына қажырлы еңбектері үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деп алғысын білдірді Тоқаев.