Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Мұхтар Әблязов тапсырыспен өз жолдасының көзін жойды - Назарбаев

Ең үлкен қателік, ол - банкке қайта оралып, сол банкті тонап, бірнеше миллиард доллар ақшаны шетел асырып алып кеткенінде.

Мұхтар Әблязов тапсырыспен өз жолдасының көзін жойды - Назарбаев
фото: elbasy.kz

Белгілі америкалық режиссер Оливер Стоун түсірген "Qazaq: Алтын адамның тарихы" деректі фильміне сұхбат берген Нұрсұлтан Назарбаев Рахат Әлиев пен Мұхтар Әблязов туралы сөз қозғады деп хабарлайды Paryz.kz

Назарбаев өз сөзінде марқұм бұрынғы күйеу баласының жоғары лауазымға тағайындалуын "үлкен қателік" деп атады.

Оның айтуынша, қаржы полициясының басшысы болған уақытта Рахат Әлиев бизнеске қысым көрсетіп, ақшаларын тартып алған.

Ол қаржы полициясының басшысы болды. Осыны пайдаланған ол бизнеске қысым көрсетіп, ақшаларын тартып алды. Бір уақыттарда мен оған "Тоқта" деп ескерту айттым. Елестетіп көріңізші, менің күйеу балам. Кішкентай үш немерем бар. Барлығы – үш немеремді алып қызым мен әкелері алдыма келді. Ал мен: "Мен не істей аламын, міне, қылмыскер ол" деп айттым, - дейді елбасы.

Алайда ол бұл жағдай өзіне ауыр соққы болғанын жасырмады.

Өте ауыр болды. Егер басқа біреу болса... Ал бұл жерде өзің сенім артқан, арқа сүйеген адамың... - дейді Назарбаев.

Оливер Стоун сұхбат барысында Назарбаевтан ұжымында үлкен қызмет атқарған адамдардың бір кезде өзіне қарсы әрекет ете бастағаны жайлы сұрайды.

Бұл біздің тарихымызда ғана емес, барлық елде солай. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған уақытта біз жалғыз қалдық, аман қалу үшін әрекет ету қажет еді. Менімен бірге жұмыс істеген әріптестерімнің барлығы бұрынғы коммунистер еді. Бірақ арамызда жоғары оқу орнын бітірген, нарықтық экономика мен капитализм жайында білетін жас жігіттер болды. Ескі тәжірибем кедергі болмас үшін, мен 30-32 жас аралығындағы жігіттерді жоғары қызметтерге тағайындай бастадым, - дейді Назарбаев.

Ол сөз арасында Мұхтар Әблязовті жоғары қызметке тағайындауын да үлкен қателік санайды екен.

Бұл үлкен қателік болды. Мен лауазымға қойған соң олар мемлекеттің онсызда аз ақшасын ұрлай бастады. Көбісі жемқорлыққа тап болды. Оны (Әблазов – ред.) Лондон соты халықаралық алаяқ деп танып, соттаған. Мен оған кешірім жасадым, - деп жалғастырады Елбасы.

Назарбаевтың айтуынша, ең үлкен қателік, ол - банкке қайта оралып, сол банкті тонап, бірнеше миллиард доллар ақшаны шетел асырып алып кеткенінде.

Мұнымен қоса, ол өз жолдасының тапсырыспен көзін жойды. Мұның барлығын біз америкалық ФБР-мен бірге зерттедік, - деп сөзін түйіндейді елбасы.