Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Жастарға зор үміт артамын - Нұрсұлтан Назарбаев

Елбасы өз сөзінде Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының өсиетін еске ала отырып, жастарға сенетінін айтты.

Жастарға зор үміт артамын - Нұрсұлтан Назарбаев
фото: elbasy.kz

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумында үндеу жолдады деп хабарлайды Paryz.kz

Елбасы өз сөзінде Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының өсиетін еске ала отырып, жастарға сенетінін айтты.

Ардақты менің достарым! Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ қазір "орда бұзар" 30-ға толып отыр. Буыны бекіп, қанаты қатайып, талай игілікті іске ұйытқы болар жасқа жетті. Туымызды биік ұстайтын, ұлтымызды ұлы мұраттарға бастайтын, сол тәуелсіздік ұрпақтары сендерсіңдер. Қай заманда да тарихты өздерің сияқты жалынды жастар, білімді азаматтар жасаған. Сендерге айтарым, әр кезеңнің өз қиындығы мен сынағы болады. Қазіргі күрделі ахуалды көріп отырсыңдар. Дүние мың құбылып тұр, - деді ол.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев аумалы-төкпелі заманда елдік жүгін аудырмай алып шығу үшін білім мен ғылымға арқа сүйеу керектігін айтты.

Осынау аумалы-төкпелі заманда тек білім мен ғылым қуған ел сенімді алға басады. Осы жолдан таймаңдар. Біз текті халықтың ұрпағымыз. Қанымызда қайсарлық, бойымызда батырлық, жүрегімізде жігер бар. Осы орайда Алаш қайраткерлерінің мына бір өсиеті ойыма оралып отыр. "Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін - кәсіп, білімді болу үшін - оқу керек. Ал күшті болу үшін - елдің бірлігі керек". Береке-бірлік барда алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қазақ халқының ұлы жеңістерінің бәрі татулық пен тұрақтылықтың арқасында келгенін атап өтті.

Әлі де алға қойған асқақ армандарымыз, биік мақсаттарымыз көп. Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда жастарға зор үміт артамын. Сендерді ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етуге шақырамын. Егемендік халқымыздың ең қастерлі құндылығы екенін ешқашан ұмытпаңдар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - деді Елбасы.