Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Әділет министрлігі диплом сатқыш ЖОО-ларды жабуға атсалыспақ

"Аттестацияға келген кейбір студенттермен сұхбаттасу барысында заңгерлік мамандық туралы жалпы түсінігі де жоқ па деген ой қалыптасады. Осы аттестация аясында мониторинг жүргізіп, Білім және ғылым министрлігіне осындай студенттер бойынша тізім бере алар едік", - деді ведомство өкілі.

Әділет министрлігі диплом сатқыш ЖОО-ларды жабуға атсалыспақ
фото: otyrar.kz

Әділет министрлігінде Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттарды іске асыру жөнінде алқа мәжілісі өтіп жатыр. Осы жиында Нұр-Сұлтан қаласы Әділет департаментінің басшысы Алан Тіленшиев ерекше ұсыныс айтты, деп хабарлады inbusiness.kz.

"Біз тоқсан сайын нотариаттық, адвокаттық қызметпен және жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына үміткер азаматтарға аттестаттау жүргізіп отырамыз. Мемлекет басшысы диплом басып шығарумен ғана айналысатын жоғары оқу орындарының жұмысын тоқтатуды тапсырған болатын. Аттестацияға келген кейбір студенттермен сұхбаттасу барысында заңгерлік мамандық туралы жалпы түсінігі де жоқ па деген ой қалыптасады. Осы аттестация аясында мониторинг жүргізіп, Білім және ғылым министрлігіне осындай студенттер бойынша тізім бере алар едік", - деді ведомство өкілі.

Алан Тіленшиев осы мәселені әлеуметтік желіде де көтерген болатын.

"Биылғы жылдың 28 қыркүйегінен бастап 5 қазанына дейін нотариаттық, адвокаттық қызметпен және жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу бойынша комиссияның жұмысына қатыстым. Үміткерлердің 50%-ы заңнаманы білу бойынша тестілеу кезеңінен өтпегендігін өкінішпен мәлімдеуге тура келеді. Кейбір үміткерлер "құқық саласын" "нормативтік құқықтық актіден" ажырата алмады.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген дипломдарды басып шығаратын жоғары оқу орындарына қатысты тиісті шараларды сапалы іске асырудың аса маңыздылығын көрсетеді. Сонымен бірге, үміткерде екі жеке куәлігінің (қолданыстағы және жоғалтылған) болу фактісі анықталды. Ол әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатындықтан, құжаттар тиісті шараларды қолдану мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне жолданды" деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасына.

Әділет министрі Марат Бекетаев департамент басшысының бұл ұсынысын қолдап, Білім және ғылым министрлігіне тізе қосып жұмыс істеу жөнінде хат жолдауға тапсырма берді.