Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Осылай айту керек": Мәжіліс төрағасы вице-премьерге шүйлікті

Мәжіліс төрағасын вице-министрдің жауабы қанағаттандырмады. Ол Ералы Тоғжановқа сұрақ басқа мағынада қойылғанын ескертті. 

"Осылай айту керек": Мәжіліс төрағасы вице-премьерге шүйлікті
фото: дереккөз

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин вице-премьер Ералы Тоғжановқа депутаттардың сұрағына тура жауап бермегені үшін шүйлікті деп хабарлайды Paryz.kz

Депутат Жәмилә Нұрманбетова вице-премьерге сұрақ қойды. Оның айтуынша, қазір халықты қайта вакциналау туралы Үкіметтің шешімі қабылданған, бірақ мақсат бойынша шығынға республикалық бюджет қарастырылмаған.

Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Осы және келесі жылға қабылданған шаралар туралы хабарлағым келді. ДДСҰ ұсынымдары бойынша және 20-дан астам елдің тәжірибесін ескере отырып, біз үшінші онкүндіктен бастап халықты вакциналау туралы шешім қабылдадық. Бірінші кезекте алдыңғы қатарда екпе алғандар, жыл соңына дейін 100 мың адам қайта егумен қамтылады, келесі жылы 2 миллион адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның барлық тұрғындары вакцинамен қамтамасыз етіледі, – деді өз жауабында Тоғжанов.

Мәжіліс төрағасын вице-министрдің жауабы қанағаттандырмады. Ол Ералы Тоғжановқа сұрақ басқа мағынада қойылғанын ескертті.

Ералы Лұқпанұлы, сұрақ басқа болды ғой. Комиссияның қалай жұмыс істеп жатқаны туралы емес. Сұрақ тікесінен қойылды – ревакцинация үшін 2022-2024 жылдар аралығында алынатын вакцинаға республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Оны қандай қаражат есебінен сатып аласыздар? Қаражат резервтен алына ма? Неден? - деп сұрақты нақтылады Мәжіліс спикері.

Ералы Тоғжанов қайта егуге қаражат үкіметтік резервтен алынатынын айтты.

Осылай айту керек. Содан кейін сіз айтқан барлық ақпаратты бәріміз білеміз. Құрметті Үкімет мүшелері, осындай сұрақтарға тікелей нақты жауаптар беруді сұраймын. Дәрісті мұнда емес, басқа аудиторияларда оқу керек, – деді Нығматулин.