Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Сенатор Күрішбаевтың "аузын жапқысы" келетіндер ашық шабуылға көшіпті

"Мені тек сенатор бола салып, "тәуелсіз ревизия" жүргізе бастады деген сөздеріңіз де шындыққа жанаспайды. Мен бұл мәселелерді ректор бола жүріп те талай көтергенмін", - деді ол.

Сенатор Күрішбаевтың "аузын жапқысы" келетіндер ашық шабуылға көшіпті
фото: qazaq1913.com

Сенатор Ақылбек Күрішбаев аграрлық салаға қатысты өзекті мәселелерді өткір сынға алғаны үшін өзіне "тасадан тас атқыштардың" шабуылдай бастағанын мәлімдеді, деп жазады paryz.kz.

"Менің депутаттық сауалдарымнан кейін, "аузымды жапқысы" келетін мазмұнда мақалалар шыға бастады. Оларға тапсырыс беріп отырған аржағындағы бастықтардың қылығына қапалымын. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің, бірлесіп талқылаудың және қандай да бір шараларды қолданудың орнына, осындай істерге барып отырғандары – ұят тірлік", - деп налып отыр ол.

Осы орайда, кезінде Ауыл шаруашылығы министрі, астанадағы Аграрлық университеттің ректоры болған сала маманы журналистерге де бір базынасын айтты.

"Сіздердің 12 жыл бұрынғы сұрақтарыңызға келетін болсақ, мен оларға тіпті жауап беруге уақыт жұмсағым келмейді. Себебі, онда келтірілген "компроматтар" – контекстен жұлынып алынған, қалған бөлігі ойдан шығарылған дүниелер. Менің ойымша, көзі ашық адамдар үшін бұл қызығушылық тудыра алмайды. Ал авторларға айтарым, тек алға қарап, мәселелерді шешу керек қой. Мен үндемесем, олар өздігінен шешіле ме?" - деді Ақылбек Күрішбаев.

12 жыл бұрынғы ол не сұрақ десеңіз, Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы саласына министр болып келгенде, Асылжан Мамытбековтің тұсында жүзеге аспай қалған ірі жобаларды жалғастыруға міндетті болып қалған көрінеді. Асылжанның "асыл тұқымды" деп әлдеқандай қылып, әукелерін салбыратып шетелден әкелген дәу сиырлары елімізді жерсінбей, жаппай жайрап қалған еді сонда. Міне, сол мәселелердің бәрінен малы қырылған Мамытбеков тезірек құтылып, күрделенген күрмеуді шешу Күрішбаевқа ысырылған болатын.

Содан бері Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығының қағаз жүзіндегі керемет жобаларын іске асыруға болатынын, бірақ, оған билік тарапынан көптеген кедергілер бар екендігін қайта-қайта айта-айта шаршаған сыңайлы.

"Мені тек сенатор бола салып, "тәуелсіз ревизия" жүргізе бастады деген сөздеріңіз де шындыққа жанаспайды. Мен бұл мәселелерді ректор бола жүріп те талай көтергенмін. Егер түбін қазбаласаңыз, оған дәлеледемелер жетіп-артылады", - деді қалам ұстаған "киллерлерге" ренжіген сенатор.