Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Тоқаев Еуропалық Одақ делегациясын қабылдады

Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақтың арнаулы өкілінің айтуынша, Қазақстан Президентінің Брюссельге алдағы сапары екіжақты байланыстарды дамытуда маңызды кезең болады.

Тоқаев Еуропалық Одақ делегациясын қабылдады
фото: дереккөз

Қазақстан Президенті Еуропалық Одақ делегациясын қабылдады деп хабарлайды Paryz.kz, Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақтың арнаулы өкілі Имон Гилмор мен Орталық Азия бойынша өкілі Тери Хакаланы қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық аясындағы өзара іс-қимылдардың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланып, аймақтық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды, делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Еуропалық Одақ делегациясына еліміздегі саяси және экономикалық реформалар, сондай-ақ Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөнінде қабылданған шаралар туралы айтты.

Имон Гилмор Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың деңгейін жоғары бағалап, серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында байланыстарды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақтың арнаулы өкілінің айтуынша, Қазақстан Президентінің Брюссельге алдағы сапары екіжақты байланыстарды дамытуда маңызды кезең болады.

Еуропалық Одақ делегациясы БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі Миссиясының офисін Алматыға орналастыру және ауған студенттеріне көмек көрсету туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін ерекше атап өтіп, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты Қазақстан Президентінің аймақтағы көшбасшылығын қолдады.

Имон Гилмор мен Тери Хакала Президентке ертең Алматы қаласында өтетін "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" азаматтық форумына Брюссельдің атынан қатысатынын жеткізді.