Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Тоқаев: Бізге Еуразиядағы "үлкен ойындар" қажет емес

"Біздің ортақ мақсатымыз – ШЫҰ кеңістігін тұрақты, экономикалық жағынан дамыған және өркендеген макроөңірге айналдыру..."

Тоқаев: Бізге Еуразиядағы "үлкен ойындар" қажет емес
фото: дереккөз

Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты деп хабарлайды Paryz.kz, Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының маңызды бағыттары жөнінде өз ой-пікірін ортаға салды. Оның пікірінше, қазіргі кезде өңірлік қауіпсіздік мәселесі өте өзекті.

Бұл сала бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгені қуанышты жайт. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер  ынтымақтастығының терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Аталған бағдарламаны бүгін бекітеміз. Сонымен қатар терроризм мен экстремизмді қаржыландырушы заңсыз есірткі айналымы мен есірткі бизнесіне қарсы тиімді күрес жүргізу үшін бірлескен іс-қимылдарды жалғастыруға дайынбыз. Соңғы жылдары киберқауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шықты. Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ШЫҰ Орталығының тезірек құрылуы маңызды мәселелерге толық жауап береді және Ұйымның ақпараттық кеңістігінің қорғалуын күшейте түседі. Экономикалық саладағы трансұлттық қылмыстар өткір проблема болып табылады, – деді Тоқаев.

Еуразиядағы үлкен ойындар керек емес екенін айтқан Президент ортақ мақсат – ШЫҰ кеңістігін тұрақты, экономикалық жағынан дамыған және өркендеген макроөңірге айналдыру екенін жеткізді.

Бізге Еуразиядағы «үлкен ойындар» қажет емес, баршаға бейбіт, қауіпсіз және тұрақты болашақ қалыптастыру мақсатында зор серпіліс керек. Бұл үшін мемлекеттеріміздің тәжірибе, механизм, инфрақұрылым бойынша мүмкіншілігі жетеді. Ең бастысы, серіктестікті нығайтуға және бір-бірін қолдауға деген ортақ ниет бар. Біздің ортақ мақсатымыз – ШЫҰ кеңістігін тұрақты, экономикалық жағынан дамыған және өркендеген макроөңірге айналдыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.