Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ақаев Қазақстанның президенті болса, елді басқарып отыра беруші еді

Құрығанда, біздің Есіл сияқты өзені болғанда, ордасын соның жағасына құрып алып отыра беруші еді ғой. Бірақ, ол ағайынның маңдайына Құдай Қазақстан сияқты ел құруды жазбаса, қайтпек керек?

Ақаев Қазақстанның президенті болса, елді басқарып отыра беруші еді
фото: esquire.ru

Қырғыз көрші "Ақ үйін" әп-сәтте ат қораға айналдырып, Туын тулақша сүйрете алады деп, кейбіріміздің қызғаныштан «артымыз ашып» отыр. Солардың тақтан Ақаевты аударып, Бакиевті төңкеріп түсіргенін біздің "Шал, кет!" деп "кухняда күңкілдеп отырғандарға" үлгі еткісі келетіндер жетеді. Бірақ...

Жартысын тау-тас құрсаулап жатқан тар жердегі тақтан Ақаев аударылып, Бакиев төңкерілмегенде қайтеді? Бішкектен қашып, дәл іргесіндегі тәжікпен тәжікелесіп қала беретін Жалалабатқа бара ма? Әлде, көтерілістің ошағы саналатын Ошқа бас сауғалай ма? Құрығанда, біздің Есіл сияқты өзені болғанда, ордасын соның жағасына құрып алып отыра беруші еді ғой. Бірақ, ол ағайынның маңдайына Құдай Қазақстан сияқты ел құруды жазбаса, қайтпек керек? Тайқы маңдайын тауға соғып қалудан басқа амалы қанша?

Көтерілістен Құдай бетін аулық қылсын, мәселен, біздің астана арқасын кеңге салып, Арқаның кең жазығын пана тұтып отыр ғой. Мұнда кіретін негізгі 5-6 тарам жолымыз бар. Егер бұл жер қырғыздікі болса, кешегідей 3 мың адамы 3-ақ күнде ордасын ойрандап, төрінде тайраңдап, ат ойната алмаушы еді. Мидай жазықтағы 5-6 жолға пост қойып тастап, аттанға сырттан 3 мың емес, 300 мың ағайын айқай қосса да, бәрін кері қайтара салып, Ақаевтың өзі әлі күнге дейін шалқып отыруы мүмкін еді...

Әрине, елбасы астананы Алматыдан Арқаға ауыстырғанда, "Алатаудың аңғарында отыра берсек, айыр қалпақты ағайынның кебін киіп қалармыз" деп қауіп қылды деуге болмас. Қазақ – қырғыз, қырғыз – қазақ бола алмайды ғой бәрібір. Сондықтан Ақорданың алдында Министрліктер үйі ғимараты, артында Есіл өзені тұрса, оның бірі – Арқаның желіне қалқан, екіншісі – терезеден қарап демалатын сән-дағы. Ал мұндай кереметті тар жерден тауға телмірген қырғыз басшылары армандамады деймісіз? Олар да пенде ғой, тау қалтарыстарына алақтап отырғаннан гөрі, суға қарап рахаттанғысы келеді де тегі!

Бірақ дейміз ғой тағы... "Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман" дегендей, қит етсе қиғылық салуды өмір салтына айналдырып алған қырғыздардың қарап жатпауы да мүмкін, ә? Әгәрәки олар мұнда да қиқулап шыға келсе, қай тұстан атойламақ? Кешегі "Ақ үйін" апыр-топыр еткендей, қара суықта ентелеп Есілден жүзіп өте ме, әлде, Министрліктер үйін тесіп шыға ма? Мысалы, қазақ атты "қойдай жуас момынымның" өйтуі мүмкін емес. Бірақ, кім білсін...

Бұл Арқа Алатооның арғы жағындағы ағайынның жері дейтұғын болсақ, олар қайтер еді деген ой ғой біздікі. Әйтпесе, тыныштықты талқандау пиғылынан аулақпыз.

Ғали ТӨЛЕК