Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Шыңжаңда шырылдаған қазақтардың күні не болмақ? (ФОТО)

Егер іс осылай жалғаса берсе, тарыдай шашыраған қазақ ұлты бірігудің орнына, одан сайын бір-бірінен жырақтай түспек.

Шыңжаңда шырылдаған қазақтардың күні не болмақ? (ФОТО)
Фото: reuters.com

56 ұлт өмір сүретін Шынжаңдағы түркітілдес мұсылман халықтарының халі мүшкіл. Оған 2017 жылдан бергі “Қайта түзету лагері” деп аталатын мекемелерге қазақ, ұйғыр, қырғыз, ноғай сияқты ұлттардың жаппай қамалуы себеп.

Сол қыспақтан қашып, шекараны бұзып өткен Сайрагүл Сауытбайдың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол 2018 жылы лагерьден шығып, Қазақстанға келіп, босқын мәртебесін ала алмаған еді. Алайда БҰҰ-ның араласуымен Швеция үкіметі оған босқын мәртебесін тағайындады. Осы уақытқа дейін Қазақстанға сондай 5 этникалық қазақ қашып келді. Соның төртеуі босқын мәртебесін алып, ал бесінші адам Тілек Тәбаракұлына әлі шешім шықпады. Бірақ мұның өзі - қуантарлық жағдай.

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі Human rights watch ұйымы да осы геноцидке алаңдаушылық білдірген болатын. Олардың сөзінше, Қытай үкіметі арнайы құрылғылар арқылы әрбір адамды бақылап, секем туғызғандардың тізімін жасап, кімнің лагерьге жөнелтілетінін белгілеп отыр.

Былтыр Қытайдағы қыспақтан қашқан 23 жастағы Ерсін Еркінұлы деген азамат Қазақстанға қашып келген. Содан жаз бойы ыхтияр хат ала алмай, ақыры биыл қараша айының басында Украинаға барып, әрі қарай Польшаға өтпек болады. Бірақ әуежайда құжаттарын жоғалтып алып, украин полициясының қолына түседі. Олар Ерсінді Қытайға депортацияламақ болады. Содан 1 ай бойы қамауда жатып, 7 желтоқсан күні Украинада заңды түрде жүріп-тұруға арналған құжатқа қол жеткізеді.

Егер іс осылай жалғаса берсе, тарыдай шашыраған қазақ ұлты бірігудің орнына, одан сайын бір-бірінен жырақтай түспек. Еуропаға жан сауғалап кеткен осы екі қазақ қана болып қала ма, әлде әлі де көбейе түсе ме? Жоқ, лагерьлерден шыға алмай, іштегі мұң-зарын айта алмай, пана таба алмай кете ме? Кім білсін...

Әттең, осындайда "Орысқа тиіссең, Мәскеуді паналайды, қазаққа тиіссең, кімге барып жан сауғалайды?!” деген сөз ойға орала береді...

Ердәулет СЕРІК