Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Полицияның екі қызметкері есірткіні заңсыз дайындап, сатумен айналысқан

Полицейлер ер адамды қорғап, жебеп жүргені үшін ол бұларға тұрақты түрде ақша төлеп тұруы керек болған.

Полицияның екі қызметкері есірткіні заңсыз дайындап, сатумен айналысқан
Фото: ашық дереккөз

Рудный полиция басқармасының екі қызметкері ауыр қылмыс жасағаны үшін сотқа тартылды. Атап айтқанда, оларға есірткіні заңсыз дайындады, сақтады, сатты және қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Сот қылмыстық іске қатысты үкім шығарды. 

Бұл туралы Қостанай облыстық сотының ресми сайтында хабарланды.

Бұрынғы қызметкерлер қылмыстық кодексінің 28-баптың 4-бөлімі, 297-баптың 3-бөлімі, 1,4-тармақтары, 362-баптың 4-бөлімі, 3-тармағы бойынша сотқа тартылды. Учаскелік инспекторлар тобының инспекторы кіші жедел уәкілмен бірігіп жәбірленушіні "қылмыстық жауапкершілікке тартамыз және қамауға аламыз" деп қорқытып, есірткі бизнесімен айналысуға көндіргені анықталды.

Полицейлер ер адамды қорғап, жебеп жүргені үшін ол бұларға тұрақты түрде ақша төлеп тұруы керек болған. Кезекті 25 мың теңгені полицейлерге беріп жатқан кезде оларды Қостанай облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстады.

Сотта айыпталушылар өздерін кінәсін мойындамады, айғақтар беруден бас тартты. Прокурор олардың бірін 14 жылға, екіншісін 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Нәтижесінде сот екеуін де кінәлі деп танып, бірін 13-ке, екіншісін 12 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді.

Сондай-ақ, экс-полицейлер мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және "полиция лейтенанты" және "полиция сержанты" арнайы атақтарынан өмір бойына айырылады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.