Із-түзсіз кеткен келіншектің бұрынғы жолдасынан 6 жастағы баласы бар.
Жамбыл облысында екі ай бұрын үйінен шығып кеткен 23 жастағы келіншек іздестіріліп жатыр. Тәртіп сақшылары оны жер-көктен іздегенімен, әзірге еш нәтиже жоқ деп хабарлады КТК телеарнасына сілтеме жасаған Paryz.kz.
Шу ауданының тұрғыны Гүлдана Санақбайдың туыстары оны бұрынғы күйеуі ұрлап әкетті деп күдіктенеді. Өйткені із-түзсіз кеткен келіншек ең соңғы рет сонымен бірге көлікке мініп, сол күйі оралмаған.
Гүлдана Санақбай 11 ақпан күні Алматыға жолға шығамын деп жұмыстан үйіне ерте қайтады. Жолай сауда орталығына соғады. Бейнебақылау камерасы түсірген видеодан 23 жастағы келіншектің ақ "Ауди" көлігіне мінгені анық көрінеді.
"Орталықтан шығып, бұрынғы жолдасы Қалқан Берікпен бір көлікке отырғаны бар. Одан кейін көрген-білген адам жоқ", - дейді Гүлдананың анасы Индира Тілеубаева.
Индира Тілеубаева қызын бұрынғы күйеу баласы ұрлап кетті ме деп күдіктенеді.
Оның айтуынша, Гүлдана алты жыл бұрын тұрмыс құрған. Бірақ беташардан кейін көп ұзамай күйеу баласы істі болып, бес жарым жыл жазасын өтеп шыққан. Кейін ерлі-зайыптының діни көзқарасы сәйкес келмей, ақыры ажырасып тынған. Алайда бұрынғы күйеуі Гүлдананы қорқытып, соңынан қалмай қойыпты.
"Біртоға қыз, оның ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Айтпайды. Күйеуінің ұрып-соққанын да білген жоқпыз. Жоғалғаннан кейін естіп жатырмыз", - дейді Гүлдананың әжесі Тілеукүл Тілеубаева.
Гүлдана мінген көлікте күйеуімен бірге тағы екі жігіт болған. Бәрі бір ауыздан 23 жастағы келіншекті туысының үйіне жеткізіп салдық деп түсініктеме берген. Осыған иланған тәртіп сақшылары оларды күдікті деп қарамаса керек. Ал полицейлер тек дерекке қатысты қылмыстық істің қозғалғанын айтады.
"Дерекке қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Полиция департаментімен арнайы топ құрылып, қылмысты ашуға кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу құпиялығына байланысты өзге мәлімет жария етілмейді", - деп түсіндірді Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Азамат Қалмен.
Із-түзсіз кеткен келіншектің бұрынғы жолдасынан 6 жастағы баласы бар. Оны қазір әжесі бағып отыр. Мұхамедәлі анасының жоғалғанын жуырда ғана естіген. Бұған дейін оған шешесі іс-сапарда деп алдап келіпті. Енді ол анасының табылып, үйге оралғанын тағатсыздана күтіп жүр. Ал Гүлдананың туыстары күштік құрылымдардың іздеу жұмысына көңілі толмайды. Сондықтан олар Нұр-Сұлтаннан білікті мамандардың келуін қалайды.