Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Ішімдікке салынған енесі мен ұратын күйеуінен шаршаған келіншек жан сырын ақтарды

Тіпті, Марал алып қашуға көнбей, көлікті өзі жүргізіп, кері қайтуға да тырысып көреді.

Ішімдікке салынған енесі мен ұратын күйеуінен шаршаған келіншек жан сырын ақтарды
Фото: pixabay.com

Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Жан Сая" дағдарыс орталығын паналаған келіншек басынан өткен қиын жағдайды баяндады. Айтуынша, ішімдікке салынған енесі мен үнемі таяқтың астына алатын күйеуінен әбден шаршаған. Тіпті, соңында үйіннен қашып кеткен. Бүгінде ол балаларын аяққа тұрғызу үшін бар күшін салып жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Өзін Марал деп таныстырған (кейіпкердің қауіпсіздігі үшін есімі өзгертілді – ред.) кейіпкеріміз бұрын қалалық дәмханалардың бірінде қарапайым жұмыс істеп жүрген.

Өзінің сүйіктісімен болашаққа жоспар құрып, отбасы болуды армандаған оның жоспары бір күнде бұзылды. Жұмыстағы әріптестерінің бірі Маралды алып қашып, өз келісімінсіз келін қылған.

Тіпті, Марал алып қашуға көнбей, көлікті өзі жүргізіп, кері қайтуға да тырысып көреді. Бірақ көлікті дұрыс жүргізе алмайтындықтан кішігірім жол апатына түсіп, қайтадан ұсталып қалады. 

Маралдың өмірі ешқашан жайбарақат болған емес. Уақыт өте келе күйеуі қол көтере бастайды. Ал енесі ащы сусыз өмір сүре алмайтын.

"Бірде күйеуі мені мас күйінде қылғындыра бастады. Ішімде сәбиім бар еді. Баламды аман алып қалу үшін күйеуіме қарсы жауап берген кездерім де болды. Ол менің жүкті екеніме, соның ұл-қыздарын өсіріп жатқаныма қараған жоқ. Әбден таяқтың астына алды. Ал енем араққұрмар болғандықтан, оның үнемі мас жүретіні мені әбден ашуландыратын.

Енем үнемі ақша сұрап, тыныштық бермеді. Ал бірде ол балаларыммен бірге мас күйінде есікті кілттеп алып, ұйықтап қалған. Балаларымның аш және мас адамның қасында қараусыз қалғаны, күйеуімнің алға ұмтылмағаны әбден қажытып, заттарымды жинадым да, кетіп қалдым", - дейді ол. 

Шыдамы шегіне жеткен келіншек үйінде орнаған жағдайдын бәрін құқық қорғаушыларға баяндап, балаларын жинап бір жолата күйеуі мен енесінен кетеді.

Құқық қорғаушылар оны "Жан-Сая" дағдарыс орталығына бағыттайды. Орталықта ол ажырасу бойынша заңгер маманның көмегіне жүгініп, эмоционалды жағдайын психологпен жұмыс арқылы қалпына келтірді.

Қазір Марал дағдарыс орталығынан шығып, өздігінен толыққанды өмір сүруде.