Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

BI Group құрылыс алаңында бригадир жұмысшы қызды аяусыз зорлаған

Болған оқиғаға байланысты "НеМолчиKZ" қоры BI Group басшысы Айдын Рахымбаевқа жүгінген.

BI Group құрылыс алаңында бригадир жұмысшы қызды аяусыз зорлаған
фото: youtube.com

НеМолчиKz қоғамдық қоры BI Group құрылыс нысанында бригадир жұмысшы әйелді 2 сағат бойы ұрып-соғып, зорлағанын хабарлады, деп жазды holanews.kz.

"Қыз қосалқы мердігер "Миленбаев" жеке кәсіпкерлігінде, құрылыста жұмыс істеген. Лифтші әрі кілтші болған оған бояу тарату міндеті де кірген. Одан бояу алуға үнемі басқа қосалқы мердігерлік ұйым - "BigBro Group" ЖШС-нің сырлаушылар бригадирі келіп тұрған. Алғашында бригадир жәбірленушіге тиіскен. Бірақ қыз жігіті бар екенін айтып, артық әңгімеден аулақ болуға тырысқан", - дейді қордағылар.

Бұдан соң, 21 наурызда сағат 20.00 шамасында ер адам қызды жаңа жұмыс орны бар деп шақырады. Әңгімені ешкім естімеуі үшін қосалқы бөлмеге кіруін талап етеді. Сол жерде жаңа жұмыс туралы айта бастайды. Қыз ойланамын дейді. Осы уақытта оған кіреберісте күтіп тұрған жігіті қоңырау шалады. Шығатынын айтып, есікке беттеген қызға бригадир тап береді.

"Есікке қарай бет алған қызға тұра ұмтылып, оны тұншықтыра бастайды. Қыз құлаған кезде шашы шегеге ілініп қалады. Жәбірленуші қаскүнемге жалына бастаған", - дейді НеМолчиKz қорының өкілдері.

Содан кейін ер адам қызға айқайлап, артқа жол жоқ екенін айтады. Оны басынан, бетінен ұрып, пышақпен қорқытады. Қызға жігіті қоңырау соғуын жалғастырады, алайда күдікті қызды телефонын өшіруге мәжбүрлеп, зорлайды.

"Бұдан кейін ол қызға сыра ішкізіп, қорқытуын жалғастырады. Ұрып-соғып, оған мойынсұнуын талап етеді. Бұл шамамен 21.30-ға дейін созылады. Ер адам екінші мәрте жыныстық қатынасқа түскісі келеді. Қыз жылап, ең болмағанда музыка қосуды сұрайды. Ол жыламайтынына уәде беріп, телефонды қолына алады. Осы уақыт аралығында ол түнгі ауысыммен жұмыс істейтін әріптесіне зорланып жатқаны туралы хабарлама жіберіп үлгереді", - делінген ақпаратта.

Жұмысшы қызды күзетшілердің көмегімен тауып, полиция шақырады. Күдікті қамауға алынады. Алайда үш күннен кейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылады.

"Миленбаев" жеке кәсіпкерлігінің басшысы қызға қысым жасап, арызын айтарып алуы үшін ақша ұсынады. Наурыздан кейін қыз өзінің жұмыстан шығарылғанын, оның орнына басқа адамды шақырып қойғанын біледі. Ол бұйрық пен жұмыстан шығару негізін талап еткенде, қосалқы мердігерлік ұйым болғандықтан, ондағылар ресми жұмыс істемейтінін алға тартады.

Болған оқиғаға байланысты "НеМолчиKZ" қоры BI Group басшысы Айдын Рахымбаевқа жүгінген.

"Мүмкін Сіз мекемеңізде ауыр қылмыс жасалғанын білмейтін шығарсыз, сондықтан біз сізден жағдайды қатаң бақылауға алуыңызды сұраймыз. Жәбірленушіге қолдау көрсетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуіңізді, басшылық қысымынан аластатуды және арызды қайтарып алуды талап етуді тоқтатуыңызды өтінеміз. Сондай-ақ жыныстық зорлық-зомбылықтан және жынысына байланысты кез келген кемсітушіліктен әйелдердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін жұмысшыларға арналған этикалық кодекс енгізуіңізді сұраймыз", - делінген қор қызметкерлерінің компания басшысына арналған жазбасында.

Олар Айдын Рахымбаевқа жұмыс орнында жыныстық қысымға қарсы науқанды бастаған алғашқы басшы болуға шақырды.