Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Шымкентте өртенген көліктегі кәсіпкер қатыгездікпен өлтірілген болып шықты

"Қылмыскер көлікті өртеп, бірден қашып кеткен. Осы сәтті сол маңда болған ер адам байқап қалған. Ол көліктен өрт шығып, иесі суға жүгіріп кетті деп ойлаған..." - деді марқұмның досы Расулмат Әлімқұлов.

Шымкентте өртенген көліктегі кәсіпкер қатыгездікпен өлтірілген болып шықты
фото: коллаж

Шымкентте жер сатып алуға келген кәсіпкерді балтамен ұрып, көлігінде өртеп жіберді деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталды. Ол кәсіпкерге жалған құжат жасалған жер учаскесін сатпақ болған. Бірақ кәсіпкер оныcын білген кезде оны қатыгездікпен өлтіріп, ақшасын иемденген, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Кәсіпкер Аваз Жаналиевтің күйіп қалған денесі жанып жатқан көліктен табылды. Оқиға Сайрам тұрғын үй алабы маңында болған. Аваздың туыстары оның жергілікті тұрғыннан бизнеске жер сатып алу үшін кеткенін айтты. Ол әйелдің ұлымен келіссөз жүргізген. Сатып алушы жердің құжаттары жалған екенін білгенде, жанжал шыққан. Күдікті балтаны алып, Аваздың басына бірнеше соққы жасаған.

"Оқиға болған үйде әйел, оның ұлы мен келіні болған. Ұлымды үшеуі жабылып өлтірді. Соққылардан кейін басы қанаған. Барлық жерді былғамау үшін басына қапшық кигізген", - дейді марқұмның анасы Гүлзада Жаналиева.

Кәсіпкердің денесін көлігіне салып, ешкім жоқ жерге апарған. Бірнеше сағаттан кейін күдікті көлікке қайта келіп, салонына бензин құйып, өртеп жібереді. Тергеушілер күдіктіден жауап алған кезде қылмыстың егжей-тегжейі анықталған. Марқұмның туыстары мән-жайды полиция өкілдерінен білді.

"Қылмыскер көлікті өртеп, бірден қашып кеткен. Осы сәтті сол маңда болған ер адам байқап қалған. Ол көліктен өрт шығып, иесі суға жүгіріп кетті деп ойлаған. Кейін куәгер оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырған. Ол жерге біз де бардық. Онда досымның денесі табылды", - деді марқұмның досы Расулмат Әлімқұлов.

Аваздың туыстары қылмыс жасауға қомақты ақша себепші болды деп санайды. Марқұм жер сатып алуға 2 миллион теңге алып барған. Мән-жайды полиция анықтап жатыр. Прокуратура да іске қосылды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.

"ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ұсталды", - деді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы Дәулет Әбдіраманов.

Күдікті - 30 жастағы жұмыссыз ер адам. Бұрын қарақшылық үшін сотталған. Марқұмның туыстары күдіктіні, анасы мен әйелін қатаң жазалауды сұрайды. Қаза болған Аваз Жаналиевтің артында жүкті әйелі мен екі кішкентай баласы қалды.