Ақмола облысындағы Атбасар қаласында "Mercedes" маркалы көлік жол жиегінде кетіп бара жатқан екі әйел мен екі баланы жылдамдықпен келіп қағып кетті. Зардап шеккендер арасындағы 6 жасар балаға шұғыл түрде бас сүйегінің трепанациясына күрделі операция жасалды. Бұл туралы Paryz.kz ақпарат агенттігі “Ктк” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаның кадрларында қара “Mercedes" жолдың бойында қатты жылдамдықпен келе жатқанын көруге болады. Кейін ол жол жиегіне шығып кетіп бара жатқан адамдарды қағады. Олар қатты соққыдан жан жаққа ұшып құлаған.
Апат бойынша тергеу жүргізілуде. Ал зардап шеккендердің төртеуі де ауыр жарақат алды. Бір әйел аудандық аурухананың жансақтау бөліміне, екіншісі 15 жасар жасөспіріммен травматология бөліміне жеткізілді. Ал төртінші жәбірленуші, алты жасар бала Көкшетаудағы облыстық ауруханаға шұғыл жіберілді. Онда бала бас сүйегіне трепанация жасап, гематоманы алып тастады. Дәрігерлер баланың қауіптен құтқарылғанын жеткізді.
“Баланың жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төндіретін ештеңе жоқ. Операция сәтті өтті. Қазір оның жағдайы тұрақты. Сұрақтарға толық жауап береді. Ертең бөлімшеге ауыстыруды жоспарлап отырмыз”, – деді Ақмола облысының көпсалалы балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Ербол Жұмағалиев.