Алматының Түрксіб ауданында белгісіз ер адам көшеде 45 жастағы Галина Борзованы дубинкамен соққыға жығып, ауыр жарақаттаған, деп хабарлайды paryz.kz.
Оқиға жәбірленуші жұмыстан қайтып келе жатқан кезде болған.
«Жұмыстан алаңсыз шығып келе жатқанмын. Артымнан біреу аңдып жүргендей болды. Бұрылып қарап едім, күртеше киген, бетін тұмшалаған ер адамды көрдім. Мән бермей, үйге қарай асықтым. Бір сәтте басымнан дубинкамен салып қалды. Бұрылып үлгергенімше ұра бастады. Оң жақ бетім қан жоса болды», – деді жәбірленуші Галина Борзова.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
«Түрксіб аудандық полиция бөлімі адамға қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның басқа да мән-жайларын анықтау үшін бірқатар жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр»,- деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.