Көктем келісімен мегаполисте мопед маусымы ашылды. Әлеуметтік желілерде Арбат бойында тәртіп бұзған мопедшілердің бейнеролигі тарады, деп хабарлайды paryz.kz.
Видеодан мопед жүргізушілерінің қала тұрғындарының мазасын алғанын көруге болады.
Мен мопед жүргізушілеріне таң қаламын. Жол қауіпсіздігін сақтамағаны былай тұрсын, өз өмірлеріне салғырт қарайды. Қаланың тыныштығын бұзып, адамдардың өмірін қиып жатқанын естіп жатырмыз. Көлікке отырарда қауіпсіздікті сақтап, басқа адамдардың өміріне жауапты екенін ойланса екен,- дейді қала тұрғындары.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Алматы қалалық полиция Департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жол ережесін бұзған мопед жүргізушілерін ұстағанын хабарлады. Оларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 615, 620 баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мопедтер арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді,- деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.