Желіде белгісіз әйелдің мұғалімді жағадан алып, шапалақпен ұрған видеосы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz
80 мыңға жуық оқырманы бар “Қазақстан ұстаздары” тобында аталған видео жарияланып, желі қолданушылары мұғалімге қол көтерген әйелдің әрекетін сынады. Видеода орта жастағы әйел сыныпқа кіріп, айғайлап, мұғалімді жағадан алып, шапалақпен ұрады. Оқу-ағарту министрлігі бұл оқиға Қазақстанда емес екенін мәлімдеді.
«Бұл жағдай Қазақстанда болмаған. Өзбекстанның ресми органдары аталған факт бойынша ақпарат берді», – деп хабарлады министрлік.
Өзбекстандағы БАҚ-тың жазуынша, видеоны оқушылардың бірі түсірген. Оқушының анасы мен мұғалімнің арасында жанжал болған.
Бейресми ақпаратқа сәйкес, оқушылардың біріне мұғалім ауыр сөз айтқан. Сол үшін анасы мұғалімге қол көтерген.
Өзбекстанның мектепке дейінгі және мектептегі білім министрі Халила Омарова Сырдария ауданындағы оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын, нәтижесі бойынша ақпарат берілетінін хабарлады.