Ақтауда 18 жастағы мүгедектігі бар жігітке жасалған зорлық-зомбылық дерегі анықталды. Бұл ақпаратты Маңғыстау облысының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Paryz.kz bugin.kz-ке сілтеме жасап.
Адвокат Ажар Әбділ мүгедек жігіттің 2024 жылғы 27 желтоқсанда ұрланып, зорланғанын мәлімдеді. Жәбірленушінің анасы бірден полицияға арыз жазған. Алайда әлі күнге дейін қажетті сараптамалар тағайындалмаған.
“Қала орталығынан ақ түсті джиптің қорғансыз адамды алып кеткені анық көрінетін бейнебақылау жазбалары алынбаған, бұл көліктің қозғалыс бағытын қадағалау қиындық туғызбайды. Жазбалар екі ай сақталады, бұл – факт. Оқиға хронологиясын қалпына келтіру қиын көрінбейді. Өйткені жәбірленушіні тура қала орталығынан көлікпен алып кеткен... Бірақ сонша камера бола тұра, күдікті әлі анықталмағаны таңғалдырады. Сараптамалардың тағайындалуы туралы тіпті айтпай-ақ қояйын", – деп жазды адвокат.
Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы
"Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. "Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды. Тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады ведомство.