Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Түркістан облысында ер адам қарызын қайтармаған танысын өлтіріп тастады

Күдіктінің көлігіне отырып, жолда кетіп бара жатқанда екеуінің арасында дау-жанжал туындаған.

Түркістан облысында ер адам қарызын қайтармаған танысын өлтіріп тастады
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында ер адам берген қарызын сұрау үшін барып, кісі қолынан қаза тапты, деп хабарлады paryz.kz, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сайрам аудандық полиция бөліміне 14 наурыз күні түнгі сағат 23:00 шамасында жергілікті тұрғын күйеуінің із-түзсіз жоғалғаны туралы айтып, арызданған. Тәртіп сақшылары арызды бірден тіркеп, жоғалған азаматты іздестіруге кіріскен. Жан-жаққа бағыттамалар беріліп, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылған.

Полицейлер жылдам әрекет етіп, күдіктінің ізіне түскен. Оның түр-тұлғасын анықтап, жоғалған азаматтың танысы екенін білген. Күдікті Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындамай, жауаптан жалтаруға тырысады. Алайда полицейлер дәлелдер мен айғақты заттарды жинақтап, жоғалған азаматтың BMW көлігін тастап, тек осы күдіктімен жолыққанын және күдіктінің көлігіне отырып кеткенін толығымен дәлелдеп шығады. Осыдан соң күдікті өз кінәсін толық мойындайды.

Тексеру барысында белгілі болғандай, жоғалған азамат өзінің танысындағы ірі көлемдегі ақшасын алу үшін онымен жолыққан. Күдіктінің көлігіне отырып, жолда кетіп бара жатқанда екеуінің арасында дау-жанжал туындаған. Соның салдарынан қарызды қайтарғысы келмеген күдікті өзінің танысын аяусыз қылғындырып, жер жастандырған. Ал мәйітті өзінің бұрынғы жұмыс істейтін орны, карьердің маңына ауыр қылмысын жасыру мақсатында көміп тастаған.

Күдікті қамауда. Ол бұрын сотты болмаған. Бүгінде оған қатысты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігімен ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.