Қарағанды облысында құқық қорғау органдары Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде жарылғыш құрылғылар орнатылғаны туралы екі рет жалған ақпарат берген жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бала 2 және 3 қыркүйекте төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарласып, өзін қала мектептерінің бірінің оқушысы ретінде таныстырған.
Ол мектепте бомба орналыстырылғанын айтқан. Тексеру барысында ақпарат расталмады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп-лицейдің кәмелетке толмаған оқушысының жалған терроризмге қатысы бар екенін анықтады», – делінген полиция хабарламасында.
Ұсталған баланың айтуынша, ол сабаққа қатысқысы келмегендіктен осындай қадамға барған.
Оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.