Еліміздің ішкі істер министрі Ержан Сәденов Жамбыл облысында болған жантүршігерлік жол-көлік апатына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz, Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Министр әлеуметтік желі арқылы қызмет бабында қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қайғыра көңіл айтып, марқұмдардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
“Жамбыл облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүріп, қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Олардың елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі”, деп жазды министр Е.Сәденов Facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ бас полицей қайғылы оқиғаның мән-жайын тергеу барысы өз жеке бақылауына алғанын айтты.
Еске сала кетсек, 17 тамызда сағат 01:00 шамасында "Меркі - Шу - Бурылбайтал" республикалық маңызы бар автожолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 6 адам қаза тауып, 3 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ қызмет бабында қаза тапқан полицейдің бірі "100 жаңа есім" жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы, 11 баланың әкесі 46 жастағы Ғалым Арыстанбаев еді.